Шамалғанда көпір құрылысы басталды
Сол оқиғадан кейін шамалғандықтар облыс әкімдігінен тез арада жол айрығы мен көпір құрылысын бастауды талап еткен. Екі айдан соң аспалы көпірдің іргесі қаланды.
Теміржол бекетіндегі тіршілік сол қалпы. Өткелден ерсілі-қарсылы өтетін көлік те, адам да көп. Халықтың тілегін ескерген облыс әкімдігі алдымен жаяу жүргіншілер үшін көпірдің құрылысын бастады. Қазір іргетасы қаланып, табаны нығайтылып жатыр. Құрылысшылардың айтуынша көпірдің биіктігі 11, ұзындығы 60 метр болады.
Серғазы Кенішқалиев, құрылыс алаңының басшысы:
- Қазір жұмыс қарқынды басталды. Бұйырса, осы жаңа жылға дейін көпірдің екі жақ фундамент сүйеуін жер бетіне шығарып, дайындаймыз.
Көпірдің салынғаннан кейін жолдан өту мәдниеті мен қауіпсіздігі артса игі. Әйтпесе алыстан ысқырып келе жатқан локомотивтерді естісе де ережені елемейтіндер бар. Ал кешқұрым автокөлік кептелісі көбеймесе, азайған жоқ.
Алмас Садуақас, тілші:
- Дәл осы өткелден күнделікті 20 мың автокөлік пен жүздеген поезд өтеді. Көлік кептелісі жиі болады. Бұл мәселені шамалғандықтар жергілікті билік пен «Қазавтожол» мекемесіне жиі шамданып айтқан. Осыдан екі ай бұрын болған үлкен кездесуде бұл мәселелерді жергілікті билік қаперге алып, осы жерде жол айрығын салу мәселесі көтерген еді. Алайда жол айрығын жасаушы «Қазавтожол» мекемесі оны қашан бастайтыны әзірге белгісіз.
Арун Шуланов, ауыл тұрғыны:
- Әрине, көпір керек. Көпір болмағандықтан, қанша адам қаза болды. Қаншама жол апты орын алды. Осы көпір ертерек салынғанда, ештеңе болмас еді.
Тәрбие Қошпағанбетова, ауыл тұрғыны:
- Мына жерге көпір салынғаны Шамалған халқы үшін өте пайдалы. Осыны қанша адам армандаған еді. Жолымыз тар. Қаскелеңнен, қала жақтан келеді. Қаншама жол апаты болып жатады.
Ал жаяу жүргіншілерге арналған көпір құрылысы келесі жылдың мамыр айында аяқталып, ел игілігіне тапсырылмақ. Жергілікті тұрғындар: «Құрылыс тежелмей, жедел іске асса», – деп отыр.
Авторлары: Алмас Садуақас, Саржан Жұмабаев