Жастар жылы қорытындыланды
Бір ғана мысал, «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен шалғай ауылға барған жастарға берілетін бір реттік көмектің көлемі 176 750 теңгеден 252 мыңға жетті. Бұл жастар үшін үлкен көмек. Елордада өткен форумға еліміздің әр аймағынан талантты әрі табысты жастар жиналды.
Иманбек Зейкенов. 19 жастағы қазақстандыққа Instagram әлеуметтік желісінде 20 мыңнан астам адам жазылған. Оның хиты бір ай бойы әлемдік чарттардың көшін бастап тұрды. Ақсу қаласында тұратын теміржолшы Президентпен алғаш рет кездесті.
Олар жас, жасампаз. Жасықтық оларға мүлдем жат. Тіпті олар ұлы Абайды да басқаша, жаңаша жырлаудан қаймықпайды. Әйгілі «Көзімнің қарасын» қазіргі заманға лайықтап алған да.
«Жастар жылының жылуын сезіндік», – дейді жиналғандар. Биыл ел бойынша 2,5 мың жас кәсіпкер өз бизнесін дамытуға микрокредит алса, дені тегін грантқа ие болған. Солардың бірі – Оксана Яркова.
Оксана Яркова, жас кәсіпкер:
- Биыл біз үшін үлкен жаңалықтар мен жақсылықтардың жылы болды. Басқаша айту мүмкін де емес. Оқыдық, үйрендік. Өз идеясы, талпынысы бар талантты жастарға көп мүмкіндік берілді. Мен кәсіпкерліктің қырын үйрендім, сосын грант алдым, жеңілдетілген кредит алдым. Жабдықтар сатып алып, балалар киімін тігетін цех аштым.
«Дипломмен ауылға» жастарға жақын жобалардың бірі болды. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында дәл осы бағдарламаға келер жылдан бастап жыл сайын 20 млрд теңге бөліп отыруды тапсырды. Иман Пернебеков – Атырау облысы Исатай ауданындағы ауруханада акушер-дәрігер. Ауылға дипломмен барған. Баспанасы да, жұмысы да бар.
Иман Пернебеков, акушер-дәрігер:
- Егер де дәрігер маманы болатын болса ауыл не, қала не, космосқа барып жұмыс жасасаң да, сенің бір мақсатың – адамға көмектесу. Бұл жерде «ауыл», «қала» деп бөлінбейді деп ойлаймын.
Президентпен кездесуге, тілдесуге әрі қамқорлығы үшін жылы лебізін білдіруге өңірлерден жастар жиналды. Олардың бірі еңбек адамы, бірі әнші, енді бірі дәрігер. Ал олар біріксе, қуатты елдің қолдаушысына, мықты Президенттің жақтаушысына айнала алады.
Ғани Әжікенов, блогер:
- Шарада видео, фото түсіруге рұқсат етті. Кездесу өте еркін форматта өтті. Президенттің жастармен әңгіме-дүкен құруға деген көңілі, ашықтығы сезіліп тұрды.
Қазақстандық жастар үшін жақсы жыл аяқталды. Тағы бір табысты жыл күтіп тұр алда. Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға ұлы Абайдың өсиетін жеткізді. Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге. Тағы сол Абай айтады: «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті – ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек». Жарияланған Еріктілер жылы біздің қоғамның жүрегін жылытатын жыл болады деген сеніммен тарқасты.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Әлібек Әлиев, Наурыз Базаров, Ерзат Зайытхан