2020 жылы Ақтаудан Минскіге тұрақты әуе рейсі ашылады
Авиарейс маусым айынан бастап іске қосылмақ. Жоба жүзеге асқан жағдайда қазақстандықтар Минск қаласына әуе жолымен қатынау мүмкіндігіне ие болады. Маңғыстау облысының орталығынан 8 ішкі және 16 халықаралық бағыттарға ұшақ ұшады. Аптасына 5 рет Мәскеу, Ыстамбұл мен Бакуге тікелей әуе кемесі қатынайды. Айта кетейік, Ақтау халықаралық әуежайы тасымалдаулар көлемі бойынша елорда мен Алматыдан кейін үшінші орында тұр. Оның ұшу-қону жолағына 2013 жылы жөндеу жүріп, ұзартылған еді. Қазір тәулігіне 30-ға тарта ұшақ қабылдап, жөнелтіп келеді.
Ерғазы Жолдасов, Ақтау халықаралық әуежайының атқарушы директоры:
- Бүгінгі таңда бізге Беларусь компаниясы аптасына үш рет тұрақты рейс ашуға ықпалын тигізіп отыр. Бұл енді маусым айынан басталады. Билеттер сатылымы басталды. Ашық аспан аясында бізге көптеген рейс ашылады деп ойлаймыз. Араб Әмірлігіне баруға да келіссөздер жүргізгенбіз. Біздің бағытқа 2021 жылы өздерінің мақсаттарын қойған.