Қазақстанда ЖОО бітірген әрбір төртінші түлек жұмыссыз жүр
Бірқатарына айыппұл салынды, енді бірқатары жабылды да. Министрлік еліміздегі 5 оқу орнының лицензиясын қайтарып алды, тағы бесеуі бойынша шешім қабылданып жатыр деп хабарлады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың кешегі тапсырмасынан соң оқу орындарын оңтайландыру бойынша бірнеше жиын өтті, сондай-ақ елордаға Қазақстанның ректорлары жиналып кеңесті. Не жайында?
Әділет Рахымғали – ЕҰУ-да 3-курс студенті. Болашақ архитектор. 20 мың теңге стипендия алады, бірақ жетпейді. Жатақханада тұрса да, жолы мен тамағынан артылмайды.
Әділет Рахымғали, студент:
- Үй іші ақшалай жағынан көмектесіп тұрады. Бірақ әр студент сұрауға ұялады. Еркек адам болған соң тіпті ұятың жібермейді. 25% өссе, үлкен көмек болатын болды. Себебі қазір шыны керек студенттердің жағдайы қиын.
Қазір Қазақстанда 132 ЖОО бар. Соның 43% жекеменшік болып есептеледі. Осы университеттерде 600 мыңнан астам студент оқиды, соның 191 мыңы мемлекеттік тапсырыс аясында. Яғни тегін білім алып жүр. Қазақстандық білім сапасына сын тағатындар көп және ол орынды да. Мына статистикаға назар аударыңыз, Қазақстанда ЖОО бітірген әрбір төртінші түлек жұмыс таба алмайды.
Олжас Ордабаев, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары:
- Өкінішке қарай бізде аутсайдер ЖОО-лар бар. Мысалы 61 оқу орны бойынша жұмысқа тұру көрсеткіші 50% төмен. Яғни бұл университет түлектерінің тең жартысы жұмыссыздардың қатарына қосылды деген сөз. Оларда оқу бағдарламасының тиімділігі төмен.
Білім және ғылым министрлігі осы аралықта 34 ЖОО-ға тексеріс жүргізген, соны 22-сі жоспардан тыс тексеріс. Дені заңды өрескел бұзған. Қазақстандық оқу орындарының басты олқылықтары – штаттық бірлік пен оқытушылық-профессорлық құрамның дәрежесі төмен, ҰБТ тапсыру сертификаттары болмаған түлектерді де оқуға қабылдау, оқу алаңдары мен жатақханалардың жетіспеуі, жемқорлық. Тізе берсең, кете береді.
Рахман Алшанов, Қазақстан ЖОО қауымдастығының президенті:
- Кейбір мемлекеттік университеттер 55-70 мамандық дайындайды. Әсіресе өңірлерде шамасы келе ме, келмей ме қарамайды. 55 мамандықты дайындағанша, сапалы 10 мамандықты дайындасын. Жыл сайын көрсеткіш төмендеп бара жатыр. Біз айтып отырмыз, министрлік комитеті неге соған көңіл бөлмейді? Жаппай тексергенше, нашарларын тексеріп, жарты бағдарламасын оқымайтын болса, лицензиясын алу керек.
Министрлік солай істеп жатыр да. Бұған дейін ведомство қазақстандық 5 ЖОО-ның лицензиясын қайтарып алған болатын. Енді олардың саны 10-ға жетпек. Бұл жайында сала министрі Асхат Аймағамбетов айтты.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:
- Бүгінде ЖОО-да қосымша тексеру жұмыстарын жүргізудеміз, соның нәтижесінде тағы 5 ЖОО-ның лицензиясын уақытша тоқтату туралы шешім қабылдадық. Шешіммен келіспейтін ЖОО-ның заң бойынша шағымдануға 10 күн уақыты бар. Егер шағым түспесе немесе шағымданған жағдайдың өзінде сот шешімді өзгертпесе біз олардың атауларын жариялай аламыз.
Жоғары білім беру саласында үлкен реформа басталған секілді. Оған қоғам дайын ба? Елордаға Қазақстанның ректорлары жиналып кеңесті.
Ерлан Сыдықов, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры, ҚР Ректорлар кеңесінің төрағасы:
- Ректорлар кеңесі министрлікпен бірлесе отырып Президенттің тапсырмасын нәтижелі жүзеге асыруды көздейді.
Ректорлар кеңесінің мүшелері студенттер жатақханаларын салу мәселесін де көтерді. Қазір Қазақстанда 90 мың студент жатақханаға мұқтаж десек, биыл соның тек 9 мыңына ғана орын тауып беруге мүмкіндік туған.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Сұлтан Қалдыбеков