Қостанайда 100-ден астам отбасы қоныс тойын тойлады
Облыс орталығындағы «Юбилейный» шағын ауданында жаңа пәтер кілттерін тапсыру рәсіміне біздің тілшіміз де қатысып қайтты.
Жұмагүл Әлмағанбетованың 6 баласы бар. Үлкені 23-те болса, кенжесі 7 жаста. Көпбалалы жанұя осы уақытқа дейін бір бөлмелі пәтерді жалдап келген. Әулет үшін «Бақытты отбасы» бағдарламасы тұрғын үй тауқыметінен құтылудың бірден-бір жолы еді. Соны пайдалана білді.
Жұмагүл Әлмағанбетова, көпбалалы ана:
- «Бақытты отбасы» бағдарламасына құжат тапсырғанымызға 3 айдың жүзі болды. Содан бері қажетті қағаздарды жинап, біраз жүгірдік. Қазір өте қуаныштымын. Өз үйіміз бар. Жаңа жылды жаңа пәтерде қарсы аламыз.
Биыл «Бакытты отбасы» бағдарламасы бойынша 150 қостанайлық отбасы баспаналы болды. 80 пәтерлі үйге қоныстанғандардың үштен бірі – көпбалалы немесе мүмкіндігі шектеулі бала бағып отырған отбасылар. Ал қалғандары – Тұрғын үй жинақ банкінің салымшылары.
Архимед Мұхамбетов, Қостанай облысының әкімі:
- Бұл бағыт облыста кең өріс алып келеді. Бүгінде салымшылар 70 мыңға жеткен. Жинақ ақша да көбейіп келеді. Несиелік портфель соңғы 3 жылда 2 есеге өсті. Сондықтан біз осы бағыт бойынша құрылыс қарқынын арттыра береміз.
Болашақта Қостанайда тағы екі шағын аудан пайда болады. Оның бірінде 72 көпқабатты үй салынады. Бұл шамамен 6,5 мыңнан астам пәтерді құрайды.
Авторлары: Мағауия Қалиев , Сергей Трахтенберг