Қостанайда ерекше балаларға арналған оңалту орталығы ашылды
Мұнда облыстың барлық ауданнан 18 жасқа дейінгі ерекше балалар педагогикалық оңалтудан өте алады. Үш айлық курсқа арналған 50 орындық станционарлық бөлігі де бар.
6 жасар Зере сал ауруына шалдықса да, ақыл-есінде еш кінарат жоқ. Сондықтан ата-анасы бүлдіршіннің қатарымен білім алғанын қалайды. Зерені осы күнге дейін анасы коррекциялық кабинетке апарып жүрген. Бірақ онда жарты күнге ғана қабылдайды. Ал жаңадан ашылған оңалту орталығында күні бойына балаға жан-жақты психологиялық-педагогикалық көмек көрсетіледі.
Ақерке Нұрмағамбетова, Қостанай қаласының тұрғыны:
- Мұнда 5 күнге қалдыруына болады. Жұмыс істейтін ата-аналарға тіпті қолайлы. Балаларды таңертең алып келіп, кешке қарай алып кетуге болады және де мұнда мамандандырылған білікті мамандар бар. Ол балалармен жақсы жұмыс істейді.
Әр балаға жеке бағдарлама жасалады. Оқу курсының ұзақтығы да әрқилы. Орталықта 80 маман жұмыс істейді. Басым бөлігі дефектологтар екен. Кабинеттер барлық қажетті құралмен жабдықталған. Бұл орталықта сондай-ақ коррекциялық мектеп те бар.
Василий Цымбалюк, Қостанай облыстық Білім басқармасының басшысы:
- Баланы оңалту психологиялық-педагогикалық комиссия қарауынан басталады. Ол жерде мамандар қандай көмек көрсету қажеттігін түсіндіріп айтады. Орталыққа келген балалар осындағы коррекциялық мектепте білім алатын болады.
Қостанай облысында 10 мыңнан астам ерекше бала бар. Олардың қаралып, білім алуы үшін 6 арнайы мектеп, 12 коррекциялық кабинет жұмыс істейді. Келер жылы Рудный, Арқалық қалаларында және Қарасу ауданында қосымша осындай арнайы кабинеттер ашу жоспарланып отыр.
Авторлары: Мағауия Қалиев , Сергей Трахтенберг