Ішкі істер органдарының 32 қызметкері марапатталды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен ішкі істер органдарының 32 қызметкеріне мемлекеттік награда табыс етілді. Құқық қорғаушылардың жұмысы таңғы сағат 09:00 мен кешкі сағат 18:00 аралығымен шектелмейді. Олар халықтың тыныштығын күні-түні күзетіп, қоғамдық тәртіпті бақылайды. Қауіп-қатердің алдын алады. Осы орайда сала мамандары мұндай марапат ел алдындағы жауапкершілікті арттыратынын айтады.
Тәртіп, антқа адалдық, елге қызмет. Бұл – құқық қорғау саласында 20 жыл қызмет еткен Мадияр Айтуғановтың өмірлік ұстанымы. Әкесіне еліктеп, тәртіп сақшысы болуды мақсат еткен кешегі бозбала бүгінде елордада Полиция басқармасының басшысы болды. Арман алдамады, еңбегі ескерусіз қалмады. Марапатталғандардың қатарында ол да бар.
Мадияр Айтуғанов, Нұр-сұлтан қаласы Есіл ауданы Полиция басқармасының бастығы:
- Мен үшін өте жоғары, мәртебелі марапат. Бірақ ойымда болған емес. Бұл жердегі басты мақсат – адамның патриоттық сезімі. Себебі халқыңа қызмет етіп жатқаныды іштей білесің. Ол – біз үшін үлкен мәртебе.
Бұл күн – төзімділік, қырағылық деген ұғымдарды бойына сіңіріп, қызметтің қиындығына қарамастан анттарына адал болғандардың ерлігін ұлықтау күні. Мемлекеттік награда алған 32 қызметкерден бөлек, 8 құқық қорғаушы Үкімет басшысының құрметіне бөленді. Еңбегі еленгендердің арасында Ақпарат және қоғамдық даму министрінің орынбасары Нұргүл Мауберлинова, «Хабар» Агенттігінің төрағасы Ерлан Бекхожин және «Қазақстан» телерадиокорпорациясының төрайымы Ләззат Танысбай бар. Оларға «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалі берілді. Сондай-ақ әскери және қызметтік борышын үлгілі орындағаны және заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз етуде көрсеткен ерік-жігері үшін тағы 540 қызметкер наградталды.
Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрі:
- Біздің тәртібіміз бен талабымызға сай құқық қорғау қызметкері шыншыл, адал және өз ісінің нағыз маманы болуы керек. Сонымен қатар кез келген оқыс оқиғада тыныштық үшін өзінің өмірін қиюға әзір болуы тиіс.
Жалпы тәуелсіздік алғаннан бері ішкі істер органдары мен Ұлттық ұланның 1340 қызметкеріне мемлекеттік награда табыс етілді. Оның ішінде 131-іне қаза тапқаннан кейін берілді.
Авторлары: Азамат Әбілқайыр, Сұлтан Қалдыбеков