Қарағанды облысы, Саран қаласында 120 отбасы баспаналы болды
Осылайша шағын қаладағы көпбалалы отбасылар 100% пәтермен қамтылды. Бес қабатты үй жылу сақтайтын құрылыс материалынан салынған. Ал отандық панельдер дәл осы Сарандағы зауытта өндіріледі. Бұл – мүгедектерді көтеріп шығаратын арнайы пандус орнатылған облыстағы алғашқы үй.
Зәулім үйден баспана бұйырғандардың бірі – Валерий Долготский. І топтағы мүгедектің кедергісіз кіріп-шығуына мұнда барлық жағдай жасалған. Тіпті арба еркін өту үшін үйіндегі есік жақтаулары да кеңейтіліпті.
Валерий Долготский, Саран қаласының тұрғыны:
- Осындай керемет пәтер бергендері үшін алғыс айтамын. Маған бәрі ұнады. Бірінші қабатта болғандықтан, кіріп-шығу да оңай.
Ал Жұмашевтар жанұясы бұл қуанышты 5 жыл күткен. Балалардың үлкені 7-сыныпта оқыса, қалған үшеуі бөбекжайға барады. Көпбалалы отбасыға жаңа үйден 3 бөлмелі пәтер берілді.
Жанна Жұмашева, Саран қаласының тұрғыны:
- Үйіміз ұнап жатыр. Жарық, жылы, балаларымыз да мәз. Өзімізге ыңғайлы. Жұмысыма да, балаларым үшін мектеп те, балабақша да жақын.
Бұл күні 120 жанұя қоныс тойын тойлады. Жалдамалы пәтерге қол жеткізгендердің қатарында көпбалалы және аз қамтылған отбасылар, мүгедек жандар, жетім балалар бар. Жаңа үйдің ерекшелігі, құрылысқа таза отандық өнім қолданылған. Саран қаласындағы зауытта жасалған панельді термоқабырғалар сырттағы суықты өткізбейді, әрі іштегі жылуды сақтайды екен. Бүгінгі күнге дейін дәл осы технологиямен облыста 1500 пәтерлі 19 үй салынған.
Жеңіс Қасымбек, Қарағанды облысының әкімі:
- Келесі жылы Саран қаласында тағы үш бірдей үйдің құрылысы басталады. Бұл шамамен 300 пәтерді құрайды. 2021 жылы жұмысты толық аяқтап, ел игілігіне тапсырамыз деген жоспарымыз бар. Сондай-ақ қаңырап бос тұрған екі үй қайтадан қалпына келтіріледі.
Жалпы жыл басынан бері өңірде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 194 пәтер салынған. Бұл мақсатқа мемлекет қазынасынан 11,5 млрд теңге бөлініпті.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин