Ақтөбедегі үрмелі аспаптар оркестрі ұлттық және классикалық туындыларды орындайды
Облыс орталығы маңындағы сазды орта мектебінің оқушылары ұлттық және классикалық туындыларды орындайды. Өнерпаздардың басын қосқан Абыл Смайылов – алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі.
Үрмелі аспаптар оркестрі жаңажылдық мерекеге дайындыққа кірісіп кеткен. Өнерпаздар ұжымы – білім ордасынан бөлек ауылда өтетін барлық концерттік бағдарламаның негізгі қонақтары. Саксафоннан бастап кернейдің түр-түрін игерген бүлдіршіндер республикалық деңгейдегі жарыстарда да топ жарып жүр. Оркестр жетекшісі зейнет демалысындағы әскери азамат болғандықтан, оқушыларды музыкаға баулумен қатар, спортты да насихаттайды.
Жалғасым Наурызбаев, сазды орта мектебінің оқушысы:
- Спорт арқылы өзіміздің денсаулығымызды дамытамыз. Біз мысалы елордаға барған кезде автобусқа мінген жоқпыз. Жарыс біткен соң, күніне 20-21 км жаяу жүріп, астананың барлық жеріне барып қайттық.
Мектеп бағдарламасындағы ән сабағы бұл өрендер үшін алғашқы қадам болған. Үйірме ашар алдында Абыл Смайылов музыка пәнінің ұстазымен ақылдасып, талантты оқушыларды іріктеп алады. Ең кішкентай орындаушы 9 жаста екен. Бүлдіршіндер нотаны да бес саусағындай жаттаған. Қазір оркестрдің әрбір мүшесі до-мажордан ля-минорды айыра алады.
Абыл Смайылов, оркестр жетекшісі:
- Біз жалпы маршқа, вальс әндер, қазақша классикаға да қазір бет бұрып жатырмыз. Себебі балалар үш жылдың ішінде осындай деңгейге жетті. Нотаны ашып, ойнай береді. Бір туындыға жарты сағат қана дайындаламыз. Содан кейін дайын болып шыға келеді.
Қазір оркестрдің репертуарында 30-ға жуық туынды бар. Негізінен патриоттық әндерден құралған. Сондықтан жыл сайын жоғарғы класс оқушыларының қатысуымен өтетін әскери-жаттығу жиындарын музыкамен сүйемелдейді. Балалар оркестрі танымал болған сайын оның құрамында «өнер көрсетемін» деушілер қатары артып отыр. Алайда музыкалық аспаптардың тапшылығы қолбайлау болып тұр.
Бекнұр Мырзаханов, сазды орта мектебінің оқушысы:
- Қосымша аспаптар болса, қатысқысы келетіндер бар. Біздің оркестрге 18 бала қабылдағысы келеді. Бірақ аспаптар аз. Сондықтан бізде қазір 18 балаға аспаптар жетіспейді.
Үрмелі аспаптарды сатып алуға кез келгеннің жағдайы келе бермейді. Ауыл мектебінің бюджетінде үйірмеге қосымша қаржы қарастырылмаған. Сондықтан оркестр жетекшісі аспаптарды демеушілердің көмегімен жаңартуды көздейді. Әзірге жас өнерпаздардың қаржылай шығынын ата-аналары ғана көтеріп келеді.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков