Хабар телеарнасы

Алматыда көпқабатты үй қисайды

Пәтерлерге мөр басылып, есік алдына полиция қызметкерлерінен күзет қойылды. Үйге байланысты соңғы шешім қабылданғанша олар тұрғындардың қалған дүние-мүлкін тәулік бойы қарауылдайтын болады. Ал геологтар болса топырақ сынамаларын алып жатыр.

179-үйдің тұрғындары мереке күндерін пәтер іздеумен өткізгендерін айтады. Басым бөлігі демалыста көшіп кеткен. Дегенмен, үйдің кіреберісінде бүгін де абыр-сабыр. Екі баланың анасы Ақгүл Әбдіжанова да құжаттарын жинап, киім-кешегін буып-түйіп дайын отыр.

Ақгүл Әбдіжанова, 179-үйдің тұрғыны:

- Біз енді пәтер іздедік. «Табылған бойда көшеміз» деп ойлағанбыз. Бүгін тауып, көшуге жиналып жатырмыз. Тоғызыншы қабатта тұрамыз. Жоғарғы қабат болған соң бізге әлдеқайда қауіпті.

Ал Арайлым Сүйінбайқызы әлі пәтер таба алмапты. Әрине, жалға берілетін баспана көп. Бірақ «Мектеп пен балабақшадан алыстап кетсек, бес баламды қалай тасимын», – дейді ол.

Арайлым Сүйінбайқызы, 179-үйдің тұрғыны:

- Осы Алғабастың ішінде табылғанның өзінде бағаларын көтеріп қойыпты. Екіншіден, «5 балаң бар» деп ешкім алғысы келмейді. Әкім нақты соманы айтқан жоқ. Қанша пәтер екенін де айтқан жоқ. «Өздерің білесіңдер», – деді. «Бір бөлмелі болсын, екі бөлмелі болсын, өздерің табасыңдар. Қанша сома шықса, соны төлеп береміз», – деп жатыр.

Бұл – екінші қабаттағы 43-інші пәтер. Қабырғадағы жарықтан дала көрінеді. Сызатты байқаған пәтер иелері дереу көшіп кеткен. 179-ыншы үйде жалпы 72 пәтер бар. Ғимарат 2013 жылы мемлекеттік бағдарламамен берілген. «Мұнда кәмелеттік жасқа толмаған 200-ден аса бала бар», – дейді тұрғындар. Осы жағдайдан кейін көрші 178-үйде тұратын адамдар да уайымдап отыр.

Жайық Қабатов, 178-үйдің тұрғыны:

- Сейсмикалық плитасы, іргетасы – барлығын 3 үйге бірдей салынған. Топырақ құнарлылығы да бірдей. Бір жерден кеткен су басқа да үйдің астына таралады ғой.

Бұл бұрынғы Алғабас, қазіргі Зерделі ықшамауданындағы қисайған бірінші үй емес. Бұған дейін 3 үй сыр берген еді. Сондықтан көрші тұрған 178-үй тұрғындарының алаңдап отырғаны да түсінікті.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Сержан Жұмабаев