Елордадағы күрделі мәселелерді шешу жолдары ортаға салынды
Өйткені құрылыс компанияларына алданып қалғандар саны 14 мыңға жуықтаған. Осыған орай шұғыл проблемалық тұрғын үй кешендері қалпына келтіріліп, оны заңды иелеріне табыстау жұмыстары басталды. «Бұған қоса өзекті саналатын жол, мектеп, балабақша сияқты мәселелер де жақын арада шешімін табады», – деді қала әкімі.
Бас қалада бітпейтін бір дау бар. Бұл – құрылыс компаниялары мен үлескерлердің жыры. Қаржысын құрылыс компаниясына құйып, соңынан санын соғып қалатындар қатары әлі күнге дейін азаймай тұр. Елорда әкімдігі биыл 32 нысанның 26-сына аудит жүргізіп, 13-інің жобалық-сметалық құжаттамасын әзірледі. Құрылысы тұралап тұрған тұрғын үйлер алдағы 4 жыл ішінде қолданысқа берілетін болды.
Келер жылы 22 тұрғын үй пайдалануға беріліп, 8 мыңға жуық үлескер үйлі болмақ. Жалпы алдағы үш жылда 20 шақты нысанның құрылысы аяқталып, тағы 4 мыңдай үлескер үйіне кіреді.
Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:
- Біз проблемалық тұрғын үй кешендеріне барып, үлескерлермен бірнеше рет кездестік. Әрбір нысан бойынша бөлек жұмыстануға тура келеді. Өйткені кейбіреулерінің іргетасы да қаланбаған. Бір пәтерді екі адамға сатқан жайттар да болды. Жүйелі жұмыстардың арқасында биыл 10 тұрғын үй кешені қолданысқа беріледі. Бұған қоса 30 проблемалық нысан, яғни 10 мыңнан аса үлескер, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша қаржыландырылады.
Соңғы жылдары елордада кәріз құдығының қақпағын ұрлау жиі тіркеліп жүр. Құдықтан қақпақ кеткелі халықтан маза қашты. Ең қорқыныштысы, ашық жатқан осы құдыққа құлағандар саны көбейіп барады. Оған қоса қала қазынасына қыруар шығын келіп отыр. Коммуналдық қызметтер құдық қақпақтарын жылына кем дегенде 4-5 рет жаңалауға мәжбүр. Әлемдік деңгейдегі кездесулер өтіп жатқан қаланың әкімі амал жоқ ашық қалған құдықтармен де алысуға мәжбүр.
Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:
- Елордада барлығы 102 мың кәріз құдығы бар. Ашық жатқан құдықтарға қатысты төтенше жағдайлар тіркелгенінен хабардарсыздар. Тұрғындардың ашық құдықтарға құлауын болдырмау үшін оларды арнайы тормен жауып жатырмыз. Сондай-ақ құдық қақпақтарына автоматтандырылған хабаршы орнату қолға алынды. Қаладағы металл қабылдайтын орындарға да қадағалауды күшейтіп жатырмыз.
10 жыл бұрын елордадағы көлік саны 200 мың болса, қазір екі есеге ұлғайып, 500 мыңға жетті. Мұнша көлікке қала көшелері тарлық етіп тұр. Сондықтан көшені кеңейту – қала әкімдігінің күн тәртібінде тұрған өткір мәселенің бірі.
Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:
- Қабанбай батыр даңғылында күн сайын таңертең және кешкі қарбалас шақта көлік кептелісі басталады. Сондықтан біз оны 8 жолаққа дейін ұлғайтамыз. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттамасы жедел жасалып жатыр. Келесі жылы Қабанбай батыр даңғылы мен Тұран даңғылында жол айрықтарын салуды бастайтын боламыз. Сонымен қатар елорданың оң және сол жағалауын қосатын 3 көпір салынады. Олардың бірі Тәуелсіздік, екеуі Ұлы дала даңғылының бойында салынады.
Әкім әлеуметтік нысанға да назар аудартты. 115 мектепте 182 мың оқушы оқиды. 14 білім ордасында бала саны артық болса, 8-і үш ауысымда жұмыс істеп тұр. Бұл мәселені алдағы уақытта инвесторлардың қолдауымен шешу қолға алынбақшы.