Ел астанасында Жаңа жыл мейрамын тойлау басталды
«Хабар» арнасы мен «Қазақконцерт» басшылығы бірлесіп «Жаңа жылдық кездесу-2» атты мерекелік шара ұйымдастырды. Елге танымал өнерпаздар балалар үйінің тәрбиеленушілері мен кембағал жеткіншектерге арнап тосын сый әзірледі. Балаларға базарлық ретінде бағалы сыйлықтарды тарту етті.
Бірлік Берікұлы, тілші:
- Бүгінгі кештен бастап ресми түрде «Жаңа жылдарыңызбен!» деп құттықтауға болатын шығар. Себебі, естеріңізде болса, осыдан 8 ай бұрын дәл осы алаңнан сіздермен тікелей байланысқа шығып, түркі халықтарының ортақ меркесі, яғни «Наурыз – жыл басы», – деп, Ұлыстың ұлы күнімен құттықтаған едік. Енді, міне, дәстүрлі шара өз бағытынан тайған жоқ. Бірақ бұл жолы тек жаһан жұрты тегіс тойлайтын мейраммен құттықтағалы отырмыз. Ендеше қайырымдылық концерті қалай өтеді? Мерекелік концерттен бұрын есімі елге таныс өнерпаздар балалар үйінің тәрбиеленушілері мен әлеуметтік деңгейі төмен көпбалалы отбасылар, сондай-ақ қарттар үйінің қарияларымен кездесіп, сұхбаттасты. Былай қарағанда, болмашы нәрсе сияқты. Бірақ балалардың жүзінен бақытты болып тұрғандарын оп-оңай аңғаруға болады. Себебі бұрын теледидардан көріп жүрген жұлдыздармен бетпе-бет кездесіп, суретке түсті. Айтып өту керек, мұндай шараның өткізілуіне «Хабар» Агенттігі» мен «Қазақконцерт» ұйымы мұрындық болды.
Ринат Кертаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасының бірінші орынбасары:
- Әрбір ұжым жыл соңында осындай маңызды даталар қарсаңында көмекке мұқтаж жандарға қолдауын, пәк көңілін, ақ ниетін білдірсе, содан асқан демеу жоқ деп білеміз. Дәл осындай игі шаралар басқа ұжымдар тарапынан да жалпыұлттық кең қолдауға ие болады деген сенімдеміз.
Жеңіс Сейдуллаұлы, «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымның директоры:
- Біз мұны үрдіске айналдырғанбыз. Бұл үрдіс әрқашан жалғасын табады. Мереке құтты болсын! Бұл шараға елімізге белгілі жұлдыздар қатысуда.
Айта кетейік, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасының бірінші орынбасары Ринат Думанұлы мен «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымның директоры Жеңіс Сейдуллаұлы жалпы саны 250-ден астам балаға сыйлық табыстады.