Елордада Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің ІІ отырысы өтті
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев оппозиция күштерін ашық диалогқа шақырып отыр. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің ІІ отырысында Мемлекет басшысы саяси партиялар құруда кедергілер азаятынын мәлімдеді. «Өз ұстанымын жеткізу үшін митингке шыққандарға да қоғам мен мемлекет қырын қарауды қою керек», – деді. Ал «жалған ақпар таратты» деп қылмыстық кодекспен жазаланып келген журналистердің айыбы енді әкімшілік кодекс аясында шешілетін болады.
Халықтан биік тұрған ешкім де, ештеңе де жоқ. Билік пен бұқараның арасын жақындату үшін Президенттің Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құруға пәрмен бергені содан. Алғашқы отырыстан бері арада үш ай өтті. Есебін ел алдында Президенттің өзі айтып берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Әрине, азаматтарды алаңдатқан түйткілді мәселенің бәрін бірнеше айдың ішінде шешіп тастау мүмкін емес. Дегенмен бірқатар мәселе бойынша алға ілгерілеп, шұғыл шешімдер қолдандық. Жұмыс жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Оның қарқынын бәсеңдетпейміз.
Билік пен бұқара бір-бірін тыңдай білсе ғана азаматтық қоғам алға басады. Көшеге көтеріліс үшін емес, көптің пікірін жеткізу үшін шығатын бейбіт шерулердің керек екенін жұрт алғаш рет Президенттің аузынан естіген еді. Бұл тақырыпқа тағы да тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Митингтерге рұқсат беріледі. Бірақ ол заңды, қоғамдық тәртіпті бұзбауы тиіс, азаматтардың тыныштығына кедергі келтірмеуі керек. Бұл менің түбегейлі ұстанымым. Қоғам митингтер мәдениетіне дағдыланатыны кез жетті. Митингтер құқық қана емес, сонымен қатар жауапкершілік екенін түсіну керек. Менің Жолдауда айтқан бастамаларыммен «Бейбіт жиындар туралы» заң жобасы әзірленді. Онда бейбіт жиындардың барлық формасы айқындалады. Оларды өткізетін орындар да бекітіледі.
Өзін «демократиялық мемлекетпіз» дейтін кез келген елде көзқарасы мен ұстанымы әр қилы партиялардың болуы заңды құбылыс. Ал Қазақстанда ше? Халықшыл оппозиция қаншалықты қалыптасты?
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бізге парламенттік оппозиция институты қажет», – деді. Яғни түрлі пікірлер мен қоғамдық талқылаулар тоқыраудың емес, керісінше дамудың бастауы екенін Президенттің өзі айтып отыр. Енді саяси партия құру үшін кедергілер азаяды. Бұрын оның кем дегенде 40 мың мүшесі болу керек болса, енді ол 20 мыңға қысқартылады.
Дания Еспаева, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:
- 20 мыңға төмендеткен кезде бірнеше партия құрылуы керек. Оның сапасы болу үшін Президент айтып кеткендей, «парламенттік оппозиция» деген заң шығару керек. Ол заң болмаса, сапа да болмайды.
Халық арасында «Қазақстан – қағазстан» деген ащы шындық бар. Цифрлық жүйеге көшеміз деген дабырала қылғанымызға біраз болды. Бірақ бума-бума құжатты арқалап әлі жүрміз.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бір ғана мысал келтірейін, бізде әрбір үшінші азамат көлік жүргізеді. Өзімен бірге жеке құжатын, көлік құжатын, техникалық паспортын алып жүруге тиіс. Егер осы құжаттың біреуі болмаса жазалайды. Осы жылдың 11 айында құжаттарын үйде ұмытып кеткен 80 мыңға жуық азамат жазаға тартылған. Үкімет бұл мәселені тез арада шешу үшін қажет болса, заңнамалық актілерге өзгерту енгізуге міндетті.
Реформалардың қай-қайсысы да елді дүрбелеңге салатын емес, тұрақты дамуға бастайтын қадам болуы шарт. Әсіресе латын әліпбиіне көшуде осыны ескеруіміз керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұл мәселеде асығыстық танытуға болмайды. Тыңғылықты, тексерілген ұстаным талап етіледі. Бұған дейін ұсынылған үш нұсқасы да шала болып шықты. Сондықтан мұны ғылыми тұрғыдан қарастыруымыз керек. Бұл жерде әңгіме тек кирилицаны латынға ауыстыру ғана сөз болып отырған жоқ. Қазақ тілін реформалау мен оны жаңғырту қажет. Ұлтымыз үшін тағдыршешті мәселеде науқаншылдыққа және жеңілтектікке жол беруге болмайды. Ғалымдарымыздың салмақты пікірлерін күтеміз.
Үш ай бұрын дәл осы ашық алаңда елдің сөзін сөйлеп, жоғын жоқтап келген қоғам белсенділері бірнеше ұсыныс айтып еді. Ел билігі бәрін ескерді. Қылмыстық кодекстің 130-бабындағы жала жабу, жалған мәлiметтер тарату енді әкімшілік кодекспен жазаланатын болды.
Айман Омарова, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:
- Мемлекеттік органдар: «Оны қалдыру керек, себебі журналистер не болса соны жаза береді», – деп айтады. Біз жазғаннан адам өлімі болып жатқан жоқ қой. Енді оны әкімшілік кодекске енгізетін болды.
Ал бұдан былай өзін зор, өзгені қор санайтын шетелдік жұмыс берушілердің әрекеті май шаммен қаралады. Қазақстандық және шетелдік жұмысшылардың еңбекақысындағы алшақтыққа жол берілмейді. Президент қажет болса, шетелдік жұмысшыларға берілетін квотаны қысқартамыз деп отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- 2020 жылдан бастап шетелден жұмыс күшін тартуға арналған квота шамамен 40% дейін қысқартылады. Яғни 2019 жылы 49 мың болса, 2020 жылы 29 мыңға дейін азаяды. Сонымен қатар, 250 жұмысшысы бар кәсіпорындар шетелден 30 жұмысшы тартатын болса, онда бұл кәсіпорын жыл сайын тексерістен өтіп отыратын болады. Еңбек министрлігі қазақстандық жұмысшылар мен шетелдік жұмысшылар арасында құқық бұзушылықтар болып жатса немесе жалақы төлеуде қандай да бір алшақтықты анықтайтын болса, онда шұғыл түрде жаза қолдануы тиіс. Атап айтқанда, шетелден жұмысшы тартатын квотасын қысқартатын болады.
Шынар Асанқызы, тілші:
- Бұл – жеңіл-желпі мәселелерді үстірт шолып шығатын жиындардың бірі емес. Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы шешім шығарғанда да осыны баса айтқан болатын. Уәждің емес уәденің адамы екенін тағы ескертті. Ақорда мен азаматтардың арасын жақындату басты ұстанымы екенін білдірді. Сондықтан реформалардың тек реформа үшін жасалмауын өзі қадағалайтын болады.
Авторлары: Шынар Асанқызы, Азамат Саметов