Санкт-Петербургте Жоғары ЕЭК-тің кезекті жиыны өтті
Отырысқа Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Жоғары ЕЭК құрметті Төрағасы мәртебесінде алқалы жиынға келген Қазақстанның Тұңғыш Президентіне Ресей басшысы Владимир Путин «Еуразиялық ықпалдастық» идеясы үшін алғыс айтып: «Одақ табысты жұмыс істеп тұр», – деді. Кеңестің қарауына барлығы 12 мәселе ұсынылып, талқыланды. Соның бірі – ЕАЭО-ның 2025 жылға дейінгі стратегиясы. Қол қойылған маңызды құжатта ықпалдасуға икемді сан саланың бәрі қамтылған. Тағы бір келісім – зейнетақы жүйесімен байланысты. Бірнеше мәрте әңгімеге арқау болған, бес жыл бойы талқыланған мәселеге Санкт-Петербургте нүкте қойылды. Құжат келесі жылы күшіне енеді, демек, келесі жылдан бастап бес елдің еңбек мигранттарының еңбек өтілі бес елдің зейнетақы жүйесінде бірдей есептеледі. Ресми құжатын рәсімдеп, заңды түрде жұмыс істейтіндердің бұдан ұтары көп. Мәселен, тек Қазақстан аумағында ЕАЭО елдерінің 20 мыңнан астам азаматы еңбек етеді.
Тимур Жақсылықов, ЕЭК Экономика мен қаржылық саясат жөніндегі министрі:
- Бұл келісімнің маңызы неде? Біз ЕАЭО-ның бір млн-нан астам тұрғынының мүддесін қорғаймыз. Мәселен, Қырғыз Республикасының азаматы Ресейде жұмыс істеп жүріп, сол мемлекеттің зейнетақы жүйесіне қаражат аударады. Алайда кейін оның басқа елдегі еңбегі зейнетке шыққанда ескерілмейді. Жаңа келісімге сәйкес, енді жұмыс өтілі есепке алынатын болады.