Елордада еліміздің бас шыршасының шамдары жағылды
Еліміздегі ең үлкен шыршаның шамдарының жағылу рәсіміне елорда тұрғындары, қонақтары мен қала әкімі Алтай Көлгінов те қатысты.
Гүлжан Марқабаева, тілші:
- Бас шыршаның шамдары жағылды. Демек, жаңажылдық көңіл-күй басталды деген сөз. Онсыз да көп уақыт қалған жоқ, енді 11 күннен соң жаңа 2020 жылды бірге қарсы аламыз. Сол мерекенің басты символы шыршаға келсек, еліміздің бас шыршасының биіктігі 25 метрді құрайды. Бұл суреттей алғанда 9 қабатты үймен тең. Бұл шырша жалт-жұлт етіп, ойнап тұратын 5 мың шам, 100 мың жарық лампа, 3 мың метр жылтыр желек және сонша әшекейлі тізбекпен өрнектелген. Оны безендіруге әзірлік сонау жаз айында басталған екен, мамандар: «Шыршаға ілінген ойыншықтардың әрбірі қолмен жасалған», – деп отыр. Яғни ешқайсысы сатып алынбаған. Бас шырша дәстүрлі түрде EXPO аумағында орналасқан. Мұнда келген қонақтар тек шыршаны тамашалап қана қоймайды, сырғанақ тебеді. Айта өту керек, бұл жерде бір мезетте 200 адам сырғанай алатын ең үлкен мұз айдыны бар. Мерекелік көңіл-күйді отандық эстрада жұлдыздары өз әндерімен еселей түсуде. Биыл астананы безендірудің алғаш рет ортақ концепциясы қабылданды. Бас орданың биылғы басты ұраны «Қайырымды қала» деп аталады және ол келер жылы басталатын Волонтерлер жылымен тығыз байланысты. Биыл Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 45 шырша безендірілген. Сондай-ақ бүгіннен бастап қаладағы сырғанақ және мұз айдындары өз жұмысын бастайды. Соған қарағанда қыстың қызығы енді қыза түсетін секілді.