Семейдегі мәдениет сарайына Бибігүл Төлегенованың есімі беріледі
Шығармашылық кеш Абай атындағы опера және балет театрында өтті. Салтанатты кеште қазақтың салт-дәстүріне сай мерейтой иесінің иығына қамзол, басына ақ жаулық жабылды. Ал туған жері Семейдегі мәдениет сарайына Бибігүл Төлегенованың есімі берілетін болды. Шығармашылық кеште ұстаздың шәкірттері және шетелден арнайы келген опера әншілері өнер көрсетті. Бибігүл Ахметқызы 70 жылдан астам уақыт бойы киелі сахнада жүр. Оның есімі ЮНЕСКО-ның 20 ең атақты әйелдерінің тізіміне енді. Оның орындаған «Ақшақар», «Розина», «Қыз Жібек», «Гүлбаршын», «Еңлік» партиялары қазақ операсын биік белеске көтерді. Сондай-ақ Бибігүл Төлегенова шырқаған қазақтың халық әндері әр тыңдарманның жүрегінде.
Бибігүл Төлегенова, КСРО халық әртісі:
- Халықтың ықыласына мен ризамын. Мені ең бірінші халық көтерген. Құдайыма мың шүкір! Бүгін 90-ға келсем де, «Қазақтың бұлбұл әнші қызы» болып отырған мен өзімді өте бақыттымын деп санаймын. Менен бақытты адам жоқ.