Сот орындаушылары әр жыл сайын аттестация тапсыруы тиіс
Мәжіліс депутаттары Үкімет сағатында осы саланы жетілдіру мәселелеріне тоқталды. «Жалпы халықтың бір қарызы үшін сот орындаушыларының қаржы өндіру жүйесі де сапалы жасалып отырған жоқ», – дейді депутаттар.
Сот орындаушылары әр жыл сайын аттестация тапсыруы тиіс. Мәжіліс депутаттары Үкімет сағатында осындай ұсыныс айтты. Қазіргі заңнама бойынша сот орындаушылары кәсіби біліктілігі мен даярлығын тек 3 жылда бір рет дәлелдеп, тексерістен өтеді екен. Қосымша курс, семинарлар керек. Бірақ «уақыт жеткіліксіз» деп отыр. Себебі халық тарапынан сот орындаушыларының атына шағым көп түседі.
Кейде борышкерлер өз қарызы туралы тек шетелге шығарда ғана біліп жатады. Кейде құны айыппұл көлемінен артық тұратын мүлікті кепілдікке алып қойып жатады. Депутаттар: «Алиментке төленетін ақшаны алу жүйесі жөнді жұмыс істемейді», – дейді. Жыл сайын 200 мың іс болса, оның 14 мыңы бойынша төлем жасалмайды. Олардың қарызы 6 млрд теңгеге жуық.
Балайым Кесебаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Өндірісті автоматтандыру мәселесі қарастырылды. Бұл жобаның мерзімі 2021 жылға дейін көрсетіліп отыр. Сот орындаушылары базасының дұрыс жұмыс жасамауына байланысты мәселелер де қаралды. Өйткені ол 52 мемлекеттік органның базаларымен интеграция жасалған.
«Сот орындаушылары саласын заңнамалық тұрғыда жетілдіру керек», – дейді депутаттар.