Ауыл шаруашылығы жерлері ғарыштан бақыланады
Агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша заңда жерді қашықтықтан зондтау қадамдары ескерілген. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы жерлерін ғарыштан бақылау бойынша тапсырмалар берді. Бұл бастаманы «Ауыл» партиясының өкілдері де қолдайды. Президент тапсырмасымен жердің ғарыштық мониторингі бойынша қанатқақты жоба келесі жылдың мамырына дейін іске қосылмақ.
Әли Бектаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Қоғамдық кеңестегі әңгімеде жерге қатысты жалпы шаралар айтылды. Оның ең біріншісі – жаңа технологияларды пайдалану. Оның ішінде космостық мониторинг. Космостық мониторинг арқылы ауылшаруашылық жерлерінің қайсысы игерілмей жатқанын анық көруге болады. Тіпті сапалысын, құнарлылығын анықтауға да мүмкіндік береді. Қазіргі таңда жердің игерілу дәрежесін сол арқылы анықтай отырып, игермей жатқан азаматтарға, не болмаса латифунистерге, игермей жатқан қожалықтарға мемлекеттік орган тарапынан талап етуге мүмкіндік тумақ. Бұл – өте маңызды мәселе.