Қарағанды еріктілері 6 күн ішінде заң бұзған 9 адамды анықтады
Жаңа жыл қарсаңында түрлі жарылғыш заттардың саудасы қызатыны белгілі. Одан жарақат алып жатқандар да аз емес. Қайғылы жағдайды болдырмас үшін еріктілер базар аралап, 6 күн ішінде заң талаптарын бұзған 9 адамды анықтаған. Шамамен 1500-ден астам пиротехника тәркіленді.
Әди Сүлейменов, ерікті:
- Біз полиция қызметкерлерімен тек пиротехникалық рейдтерге ғана емес, түнгі рейдтерге де шығамыз. Ерікті болу – халыққа қызмет көрсету. Бұдан біз ақша алмаймыз. Тек халық үшін. Көбіне біз балалар үйіне барып көмектесеміз. Қарияларға, жүре алмайтын ақсақалдарға барып, үйлерін жинасамыз.
Ерлан Тұрғымбаев, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі:
- Жоғалған адамды іздестіру кезінде бізге қосымша күштің қажет екені рас. Осы тұрғыдан алғанда еріктілердің көмегі көп болып тұр. Мәселен, жыл басынан бері балалар, балықшылар, альпинистер жоғалғанда еріктілер белсенділік танытты. Енді біз жыл соңына дейін еріктілерге арнап арнайы киім тіккізуді жоспарлап отырмыз және оларға полиция қызметкерлерімен байланыста болу үшін рация үлестіреміз.