Ақтөбеде қауіпті пиротехникалық заттарға қарсы рейд өтуде
Сондықтан Төтенше жағдайлар департаменті мамандары тұрғындарды қауіпсіздік ережелерін ұмытпауға шақыруда. Ақтөбеде құтқарушылар полицейлермен бірігіп жергілікті базарларды аралауға кіріскен. Дәстүрлі рейдтің басты мақсаты – тиісті құжаты жоқ, сараптамадан өтпеген жарылғыш заттарды саудадан аластату. Саудагерлер отшашулар әзірге өңірге жете қоймағандығын айтуда. Құзырлы орган өкілдері пиротехникалық бұйымдарды тек мамандандырылған дүкендерден ғана сатып алуға кеңес береді. Айта кету керек, өңірде биыл отшашудан зардап шекендер тіркеле қоймаған. Дегенмен қауіпсіздік шарасын елемеген ақтөбелік бір азамат өткен жылдың соңғы түнінде аурухана керуетіне таңылыпты.
Айбат Жаңабергенов, Ақтөбе қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы:
- 2018 жылдың желтоқсан айының 31-інен 1-іне қараған түні бір жағдай орын алды. Онда бір азамат «петарда атамыз» деп қолынан күйік алып, орталық ауруханаға түскен болатын. Сол себепті біз жанғыш заттарды алған кезде ең алдымен нұсқаулыққа көңіл бөлуін сұраймыз.