Баянауылдағы Мырзашоқы тауында тау-шаңғы курорты ашылды
Баянауыл ауданындағы Мырзашоқы тауына ұзындығы 960 метр болатын арқан жолы тартылған. Инвесторлар келешекте тағы бірнеше арқан жолын салуды жоспарлап отыр. Тау шаңғысы трассаларының жалпы ұзындығы 30 шақырымға дейін жетуі мүмкін. Өйткені қысқы туризмді дамытуға бұл жердің әлеуеті жоғары.
Қарлығаш Қасиетова, тілші:
- Қыстың қызығы енді басталды. Баянауылдың қар басқан шыңдарын биіктен тамашалайтындай мүмкіндік туып отыр. Мырзашоқы тауы теңіз деңгейінен шамамен 1000 метр биіктікте жатыр.
Ал таудың басына арқан жолы апарады. Демалыстың бұл түрі кәсіби спортшыларды ғана емес, бос уақытын табиғат аясында өткізуді қалайтын кез келген адамды ерекше әсерге бөлейді.
Баянауыл тауларында қар ұзақ жатпайды. Сондықтан бұл кешенге күмәнмен қарағандар да болды. Бірақ озық технологиялар заманында ол мүмкін екен. Ақ ұлпаны жасанды жолмен дайындайтын құрылғылар алынбақ.
Марат Айдашев, Туризм және спорт басқармасының басшысы:
- Бұл технология әлемнің 90% тау-шаңғы курорттарында қолданылады. Өйткені табиғаттың түрлі тосынсыйы бар. Кейде қыс кезінде ұзақ уақыт қар түспейді. Сондықтан біз қарды қолдан жасау технологиясын қолданбақпыз. Ол қымбат емес. Ең бастысы су болуы керек.
Жергілікті билік демалушыларға қолайлы жағдай туғызудың барлық мүмкіндігін қарастырып жатыр. Павлодардан Баянауылға апаратын жол толық жөндеуден өткен. Әзірге тек су мәселесі шешімін таппады.
Қанат Кәрімов, Баянауыл ауданының әкімі:
- Ең басты мәселе – су. Сондықтан келесі жылы қаражат бөлінеді. Осы жерден 1,8 км қашықтықтағы су құбырынан Мырзашоқы кешеніне жеткізіледі. Сондықтан таза ауызсу осы жерде болады.
Әлібек Қуанышев ұзақ жылдар бойы тау-шаңғы спортымен айналысады. Ол жаңа кешеннің мүмкіндіктерін алғашқылардың бірі болып сынап көрді.
Әлібек Қуанышев, шаңғышы:
- Ұзын трасса. Өте қызық. Кей жерлері тік, кей жерлері қия. Аздап жел соғып тұр. Соған қарамастан, керемет әсер алдым. Кәсіби және әуесқой спортшылар өте жоғары баға береді деп ойлаймын.
Бұл жер бұрын адам аяғы баспаған тау бөктері болатын. Енді жыл он екі ай туристерге қызмет көрсететін бірегей нысан болмақ. Жаңа кешеннің іске қосылуымен қатар қосымша жұмыс орындары ашылады. Сервистік қызмет түрлері кеңейіп, түрлі үй-жайлардың құрылысы басталады.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков