Ұзақ уақыт алимент төлемеген әке қамауға алынуы мүмкін
Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Ішкі істер министрлігінің өкілдері осындай ұсыныс айтты. Қазір елде 200 мыңдай адам алимент төлеуі тиіс. Оның 14 мыңы жалтарып жүр, қарыз көлемі 6 млрд теңгені құрайды және де сот орындаушы 2 айда алимент төлемеген азаматқа шара қабылдамаса, оны лицензиядан айыру да жоспарда. Қазір тиісті заң жобасы мәжілісте қаралуда. «Сот орындаушылар кәсіби білігін дәлелдеп, жыл сайын аттестациядан өтсе» деген ұсыныс та айтты депутаттар. Қазіргі заңнамаға сай олар 3 жылда бір рет тексеріледі. Халықтың шағымын ескерсек, бұл жеткіліксіз. Борышкер мүлігі кепілдікте екенін тек ел аумағынан шыққанда ғана біліп жатады. Құны айыппұл мөлшерінен көп мүлікке тыйым салынатыны да өзекті. Сондықтан сот өндірісін жетілдіру қажеттігі айтылды. Ал Әділет министрі Италияның тәжірибесін енгізуді ұсынды.
Марат Бекетаев, ҚР Әділет министрі:
- Алиментті әкесі төлемесе, онда оны оның ата-анасына жүктеп қою керек. Әзірге бұл ұсыныс қана болып отыр. Бұл – Италияның тәжірибесі. Халықпен бірге ақылдасып, шешім қабылдайтын боламыз. Ата-әжесі немересінің асыраушысыз қалғаны үшін жауапты болуы тиіс.
Балайым Кесебаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Көптеген борышкер өзінің қарызы туралы білмейді. Мүлкіне арест салынбау үшін уақытылы борышкерлерді хабар беру мақсатында 2021 жылға дейін автоматтандыру мәселесін шешу керек.
Ақпараттық жүйені жаңарту қажеттілігі туындап отыр. Сондай-ақ қазіргі механизм бойынша борышкерді жауапқа тарту қиын, сот орындаушыны орынды-орынсыз сотқа беру дерегі көп тіркеледі. Кесірінен сот актісін орындау уақыты созылып кетеді. «Қай жағдайда шағым түсіруге болатынын нормада белгілеу қажет», – дейді депутаттар.