Өскеменде турфирмаға алданған азаматтар ісі қаралуда
2018 жылы жазда шетелге арзан жолдама ұсынған туристік фирма табысын 40 млн теңгеге жеткізген соң жұмысын тоқтатқан. Бірақ бір де бір адам шетелге бармаған. Алданғанын білген туристер құқық қорғау органдарына шағымданған. Ұзақ тергеуден соң туроператор директоры былтыр 4 жылға сотталған. Өскеменде сол қаржылық дауға қатысты кезекті сот отырысы өтті.
Ашылмай жатып жабылған туристік оператор 2018 жылы шет мемлекеттерге арзан жолдама сатып жатқанын күндіз-түні жарнамалаған. Бастапқыда 50% жеңілдікпен 100 ден аса жолдама сатқан. Бірақ олардың бірде-біреуі жоспарлаған демалыстарын шетелде өткізе алмады. Енді соттың табалдырығын тоздырып жүр.
Гүлмаруа Қалымова, зейнеткер:
- Мен жолдасымыз екеуміз 2 тамызда 2018 жылы 600 мың теңге салдық. Содан кеңсесіне барып бердік. Көзімізше 2 кісіге 600 мың теңге салды. Сөйтсек, ол ештеңе де брондамаған. Артынан ғана алданып қалғанымызды білдік.
Алданып қалғанын білген туристердің бір бөлігі былтыр құқық қорғау органдарына шағым түсіреді. Сол арыз бойынша Өскемен қаласы Полиция басқармасы туристік опертордың директорына қатысты қылмыстық іс қозғайды. Өскемен қаласының №2 соты 30 томдық қылмыстық істі саралай келе турфирманың директорының әрекетін «алаяқтық» деп танып, былтыр 4 жылға бас бостандығын шектейді. Бірақ туроператор директорының қорғаушылары қайтадан аппеляциялық шағым түсірді.
Клара Нұрқасова, адвокат:
- Бүгінгі күні өзі қамауда отырса да, оның отбасы 1 млн 600 мың теңгені өтеп отыр. Қамап тастағаннан еш пайда жоқ. Шығып, жұмысқа барса, жәбірленушілерге келген залалды ертерек өтейді.
Туристік саланың сарапшысы Мария Русинаның айтуынша, туроперторлар шетелге жолдама ұсынған кезде сақтандыру құжатын міндетті түрде беруі тиіс. Ал сақтандыру жоқ болса, ол жолдама күмәнді.
Мария Русина, туристік сала сарапшысы:
- Ол турфирманың сатқан жолдамаларының көбінде ресми келісімшарт болмаған. Ал келісім жасаған туристердің қолындағы құжат ҚР Үкіметі бекіткен ережеге мүлде сай келмейді. Осының өзі үлкен күмән тудырады.
Аты бар да, заты жоқ туроперторға қатысты сот ісі ұзаққа созылатын түрі бар. Келесі тыңдау алдағы қаңтардың 8-інде өтеді. Бірінші сатыда 4 жылға сотталған туропертор директорының тағдыры сол кезде шешілмек.
Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин