«ҚазМұнайГаз» тауар белгісін қолдану тағы бір жылға ұзартылды
Бірақ десе де желінің жаңа иесі тауар белгісін 2020 жылы да қолданатын болды. Сапалы қызмет көрсетуімен көпшілік көңілінен шыққан компанияның ісін енді кім жүргізеді?
Сапалы өнім ғана тұрақты табыс көзі. «ҚазМұнайГаз» ҰК жанармай құю бекеттерінің жаңа қожайыны «PetroRetail» серіктестігі осы қағиданы берік ұстанады. Біздің түсірілім тобы мамандардың сынама алып жатқан сәтіне тап болды. Қазақстан бойынша оны түрлі талдаудан өткізетін 3 зертхана бар. Мұнда мұнай өнімінің сапасын бақылау мақсатында түрлі зертханалық тексерістер өткізіледі.
Ғалия Медетбаева, «PetroRetail» ЖШС стационарлық зертхана директоры:
- Біздің жанармай құю бекеттеріндегі өнімдер сапалы деп сеніммен айта аламын. Себебі олар зауыттан шыққан сәттен бастап тұтынушыға жеткенге дейінгі тексерудің барлық сатысынан өткізіледі. Әр зертхана күнделікті 50-60 сынама қабылдайды.
Айта кетейік, жанармай құю бекеттерін жекешелендіру сәуір айында аяқталған. Ал «ҚазМұнайГаз» брендін осы жылдың соңына дейін қолдану көзделген болатын. Тараптар жуырда ол келісімді тағы бір жылға ұзартыпты.
Арман Оспанов, «PetroRetail» ЖШС бас директорының орынбасары:
- Бренд үлкен беделге ие. Біріншіден, оның артында үлкен тарих, талай адамның еңбегі жатыр. Екіншіден, барлық жанармай құю бекетін бір жыл ішінде өзгертіп үлгеру мүмкін емес. Сондай-ақ айта кететінім, біз жұмысшылар санын қысқартқанымыз жоқ. Қайта олардың жалақысын 25-30% көбейттік.
Осылайша «PetroRetail» серіктестігі істеп тұрған 344 жанармай құю бекетінің жұмысын басқаруда. Компания Атырау, Шымкент пен Павлодар мұнай-химия зауыттарынан шыққан АИ-92, АИ-95 және АИ-98 маркалы бензинді және дизель отынын сатуды жүзеге асырады.
Авторлары: Ердәулет Байдуллаев, Сұлтан Қалдыбеков