Бұрқасын салдарынан көлік қозғалысы қиындады
Бұл – ауа райы бұзылып, жолдағы жағдай қиындағанның салдары. Боранға байланысты жалпы ұзындығы шамамен 7,5 мың шақырым болатын республикалық маңызы бар жолдардың 57 учаскесі жабылған еді. Ең қиын жағдай ШҚО, Ақтөбе, Жамбыл және БҚО-да байқалды. Қар құрсауынан 900-ден астам адам құтқарылыпты. Бұл жайында Үкімет отырысында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев айтты.
Риат Шони, тілші:
- Өткен аптада боранға байланысты Қазақстанның 11 облысында жол-көлік қозғалысы қиындап, біраз жол жабылған еді. Бірақ ат құлағы көрінбейтін боранда алыс сапарға шыққан бір мыңға жуық автокөлік қар құрсауында қалды. ІІМ өкілдерінің мәлімдеуінше, зардап шеккендер де бар. Елорданың қақ ортасында мынадай қар жауып тұрғанда, сыртта қандай оқиға болып жатқандығын елестету мүмкін емес.
Ал сырттағы боранды мына видеодағы полковникке қарап білуге де болады. Жексенбі күні ауа райының қолайсыздығына байланысты Жамбыл облысы Полиция департаменті басқарма бастығының орынбасары Самат Құсайынов жолда көліктерді көру қиын екендігін темір тұлпар тізгіндегендерге жеткізуге тырысқан екен.
Бірақ өткен аптада мұндай хабарландыруға құлақ аспай, өз өмірлерін қауіп-қатерге тіккендер де болды. Желтоқсанның 16-сы мен 22-сі күндері аралығында 104 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 39 адам қаза тапты. 158-і түрлі дене жарақаттарын алған.
Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрі:
- Алматы облысында Алматы-Шоңжы бағытындағы жолда ауыр жүк көлігі көктайғақтың салдарынан аралық қоршауға соғылып, қарсы жолға шығып кеткен. Кесірінен көлік кептелісінде 15 жүк көлігі тұрып қалды. Бұл тағы екі жол-көлік оқиғасына әкеліп соқты. Оның салдарынан екі адам қаза тауып, тағы үшеуі түрлі дене жарақаттарын алды.
Көктайғақ пен боранның салдарынан Ақтөбе облысындағы жолда да жағдай қиындап, 12 автокөліктің қатысуымен апат болған. Салдарынан 4 адам зардап шегіпті. «Тиісті орган қызметкерлері барлық шараны қолға алғанымен, кей өңірлерде жағдай әлі тұрақсыз», – дейді ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.
Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрі:
- 8 облыста жағдай әлі тұрақсыз. Олар – ШҚО, Атырау, Ақмола, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, СҚО және Түркістан облысы. Осыған орай облыс әкімдерін жағдайды бақылауға алып, жолда қауіпсіздікті қамтамасыз етуде бірге күш жұмсауға шақырамыз.
Синоптиктердің болжауынша алдағы күндері ауа температурасы төмендейді. Осыған байланысты Үкімет басшысы Асқар Мамин облыс әкімдеріне жолдарда жылыту және тамақтандыру пункттерін ұйымдастыруға көмектесуді тапсырды. Сондай-ақ ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ға жолдарды қардан және мұздан тазартуға техниканы барынша тартуды міндеттеді.
Авторлары: Риат Шони, Жандос Битабаров, Марат Таубаев