Қауіпті пиротехникалық бұйымдарға қарсы рейд өтуде
Сондықтан ТЖД мамандары тұрғындарды қауіпсіздік ережелерін ұмытпауға шақырады. Ақтөбеде құтқарушылар полицейлермен бірігіп, жергілікті базарларды аралауда. Дәстүрлі рейдтің басты мақсаты – тиісті құжаты жоқ, сараптамадан өтпеген жарылғыш заттарды саудадан алып тастау. Саудагерлер отшашулар әзірге өңірге жете қоймағанын айтады. Құзырлы орган өкілдері пиротехникалық бұйымдарды мамандандырылған дүкендерден алуға кеңес береді. Өңірде биыл отшашудан зардап шеккендер әзірге тіркелмеген. Бірақ қауіпсіздік шарасын елемеген ақтөбелік азамат өткен жылдың соңғы түні аурухана кереуетіне таңылған болатын.
Айбат Жаңабергенов, Ақтөбе қалалық ТЖД бастығы:
- 2018 жылдың желтоқсан айының 31-інен 1-іне қараған түні бір жағдай орын алды. Онда бір ер азамат «петарда атамыз» деп, қолынан күйік алып, орталық ауруханаға түскен болатын. Сол себепті біздер жанғыш заттарды алған кезде ең бірінші нұсқаулыққа көңіл бөлуін сұраймыз.