Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінен халық үлкен үміт күтеді
Сондықтан кез келген салада қабылданатын шешімде қалың бұқарамен ақылдасып отыруы тиіс. «Сонда ғана екі арада диалог орнап, қоғамның дамуына өз септігін тигізеді», – дейді өскемендік қоғам қайраткері Түсіпхан Түсіпбеков. Айтуынша, Ұлттық сенім кеңесі құрылғалы қоғамда бірқатар өзгеріс болып жатыр. Енді осы басталған жұмыстарды жергілікті жерлерде жетілдіру керек. Өйткені әр салада шешімін таппаған мәселенің көбі өңірлерге қатысты.
Түсіпхан Түсіпбеков, қоғам қайраткері:
- Биліктің қоғамдық орындармен ақылдасып, олардың пікірін тыңдай отыра шешім қабылдағанын кез келген қоғам мүшелері қалайды. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі атқарып жатқан ісі жөнінде ІІ отырыстан кейін халықпен жүздесуі керек.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бұдан бұрыңғы құрылымдардан оның пәрмені күшті, мақсаты айқын. Мемлекет басшысы төрағалық ететін кеңес құрамында өзіндік азаматтық ұстанымы бар қайраткерлер мен оппозиция өкілдері бар. «Сондықтан қандай да бір әлеуметтік-саяси мәселелер терең талқыланып, тез ара өз шешімін табуына ықпал етері анық», – дейді қостанайлық қоғам белсендісі Әлімжан Бекмағамбаетов.
Әлімжан Бекмағамбетов, заң ғылымдарының кандидаты:
- Алдында да мемлекеттік емес ұйымдар осы күнделікті өңірлерде жұмыстарын атқарды да, сосын жылына бір рет азаматтық форумға барды. Кейде форум үлкен бір жиналыс сияқты болады, ал мұның форумнан ерекшелігі, бұл нағыз кеңес, нақты мәселелер ортаға салынып, шешіледі.