Еліміздің барлық өңірінде жаңажылдық шырша өтті
Аяз атаның қоржынынан дәм татып, мәре-сәре болды. Театрландырылған қойылым бүлдіршіндерге ертегі әлеміне енгендей әсер қалдырды.
Шымкенттегі арнайы ұйымдастырылған мерекелік шараға балалар үйінің тәрбиеленушілері және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасы балалары, жалпы алғанда 250 оқушы қатысты. Олардың қатарында білімді, өнерлі, талантты да дарынды жасөспірімдер бар. Шыршаға қатысқан балғындар ертегілер әлеміне серуендеп, жаңажылдық қойылымның ерекше кейіпкерлерімен жүздесті. Бұл күні балдырғандарға мерекелік тәттілермен қатар, әр балаға 100 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлық берілді.
Ал Қарағанды облысында дәстүрлі жаңажылдық думанға облыстың әр түкпірінен 180 бала қатысты. Мерекелік кеште балғындар доңыз жылын шығарып салып, тышқан жылын қарсы алды. Облыс басшысымен бірге шыршаны айнала ән айтып, би билеп, көңіл көтерді. Аяз атаның қоржынынан дәм татып, мәре-сәре болды. Театрландырылған қойылым бүлдіршіндерге ертегі әлеміне енгендей әсер қалдырды.
Нұрай Қыдыргелді, М.Жұмабаев атындағы №39 гимназияның оқушысы:
- Жаңа жыл – өте жақсы мереке. Жаңадан жыл келеді. Ол кезде Аяз ата мен Ақшақар болады және биыл тышқан жылы келе жатыр. Сондықтан мен жақсылық, бақыт тілеймін. Балалар ауырмасын, бақытты болсын, ақшалары, достары да көп болсын.
Дәстүрлі шырша мерекесіне Қостанай облысынан 200 оқушы қатысты. Олар – ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және аз қамтылған отбасылардың балалары. Мерекеге шақыру алғандардың оқу үлгерімі мен тәртібі жақсы болуы да ескерілген. Жаңажылдық қойылымның тақырыбы «Біз – еліміздің жарқын болашағымыз!» деп аталады.
Нұрдәулет Ахатов, оқушы:
- Бірінші рет осында келіп отырмын. Ұйымдастырушыларға үлкен рахмет. Әдемі шырша құрып, бүкіл балаларды қуантып, қызықты ойындар өткізіп, неше түрлі сыйлықтар беріп жатыр.
Еліміздің жарқын болшағымыз! Петропавлда өткен дәстүрлі жаңажылдық шырша осылай аталды. Оған өңірден 200-ден астам өрен қатысып, шытырман оқиғаға толы мерекелік бағдарламаны тамашалады. Бір ерекшелігі театрландырылған қойылымдарды биыл өнер колледжінің студенттері өздері әзірлеген.
Маржан Жоламанқызы, оқушы:
- Бұл костюмді біз шамамен бір ай жасадық. Оның қанаттары бар. Қанатты алып тастасаң, Томирис ханшайымына ұқсап кетемін. Бұл костюмде қыран құстың, Томирис ханшайымның және де «Алтын адамның» бейнесі бейнеленген.
Ал Ақтаудағы мерекелік шыршаға жиналған балаларды Капитан Америка мен Қуыршақ LOL құттықтап келді. Ертегі кейіпкерлері түрлі байқаулар ұйымдастырып, ең жүйрік әрі ақылды баланы анықтады. Салтанатты сарайда өткен шыршаға аймақтың әр түкпірінен 250 бала жиналды. Жаңажылдық мерекенің басты қонағы – «Алтын адам» мен «Бәйтерек». Олар балаларды ұлттық құндылықтарды сақтау арқылы еліміздің болашағын бірге жасауға үндеді.
Айнұр Жұлдызбаева, оқушы:
- Жаңа жылды өте қатты күтемін. Себебі жаңа жылда көптеген өзгеріс болады деп сенемін. Жақсылықтан үміттенемін. Бұл Жаңа жыл мейрамы өте көңілді әрі қызықты өтіп жатыр.
Театрландырылған қойылым Қызылорда өңірінде де жалғасын тапты. 200 өрен ертегі еліне саяхат жасағандай күй кешті. Батырлар жыры мен аңыз-әңгімелердегі қаһарман кейіпкерлер қазақ халқының терең тарихына шолу жасады. Әсем безендірілген шыршаны айнала ән айтып, өнерлерін ортаға салды.
Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов