Хабар телеарнасы

Оралда балаларға тілсіз жаудан сақтануды үйрететін мультфильмдер жасалуда

Танымдық мақсаттағы дүниелерді ол жұбайының көмегімен жасайды екен. Айта кетерлігі жас жұбайлар қазір түрлі тосын апаттардан сақтандыруды көздейтін мультфильмдердің 6 сериясын жасап, көпшілік талқысына ұсыныпты.

Мультфильм кейіпкерлеріне жан бітіріп, суреттерді сөйлетіп отырған Рәзия Ханафиеваның мамандығы – қаржыгер. Декреттік демалыстағы жас анаға анимация өнерінің қыр-сырын меңгеру қиынға түспеген. «Тырнақалды туындымыз өз сәбиімізге ұнаған сияқты. Сондықтан келешекте көрермені көп боларына сенгізіміз келеді», – дейді ол.

Рәзия Ханафиева, қала тұрғыны:

- Әуелі нақты бір сюжетті құрастырамыз. Кейін дауысын салып, мультфильм кейіпкерлерінің кескіндерін саламыз. Анимациялық дүние жасау оңай емес. Өте қиын іс екеніне көз жеткіздік. Кейіпкердің мінез-құлқына орай дауысын да сан құбылтып, өзіндік тембрі мен үндестігіне сай етуге күш саламыз. Сөйтіп, ер мен әйел адамның, балалардың дауысын салуға болады.

Марсель Ханафиев 2010 жылдан бері азаматтық құтқару саласында еңбек етіп келеді. Қызмет барысында қиындыққа тап болған жандарды күн сайын көріп, көмек қолын созып жүр. Өкініштісі балалардың қатысуымен болатын қайғылы оқиғалар да жиі болып тұрады. «Танымдық мақсаттағы мультфильмдер арқылы солардың санын азайтуды көздеймін», – дейді идея авторы.

Марсель Ханафиев, ТЖД ақпараттандыру және байланыс бөлімінің бастығы:

- Күн сайын өрт оқиғасы тіркеледі. Адамдардың суға батып немесе боранға үсіп қалатын кездері аз болмайды. Мысалы күзде Ақжайық ауданында ағайынды екі бала суға батып кетті ғой. Осындай жағдайлар қайталанбаса екен дейміз. Ол үшін балаларға қауіпсіздік ережелерін ерте жастан үйреткен жөн.

Жыл басынан бері өңірде 29 адам суға батып қайтыс болған. Соның 8-і жас бала. Өрт салдарынан 21 адам зардап шеккен. Мультфильмдердің мақсаты – бірінші кезекте балаларға қауіпсіздік ережелерінің қарапайым қағидаларын үйрету. Жас аниматорлар өз туындыларын болашақта білім беру ұйымдарында көрсетуді жоспарлап отыр.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов