Жаңа жыл мерекесі қарсаңында кеншілер шаһарының бас шыршасы жағылды
Еңкейген қариядан еңбектеген балаға дейін осында. Сондай-ақ бұл күні орталық көшеде Аяз Ата мен Ақшақарлар шеруі де өтті.
Тәуелсіздік алаңына қойылған шыршаның ұзындығы шамамен 18 метрге жетеді. Жасыл желек 3 мың ойыншықпен және 450 метрлік түрлі-түсті шамдармен көмкерілген. Бұл күні бас шыршамен бірге облыстың барлық аудан, қаласында бір мезгілде осындай мерекелік шара өтті.
Жеңіс Қасымбек, Қарағанды облысының әкімі:
- Бала кезден осы мерекеден, жаңа жылдан бәріміз жақсылық күтеміз, армандарымыз орындалады деп үміттенеміз. Сол армандарыңыз орындалсын! Өтіп бара жатқан жыл біздің облысымыз үшін жаман болған жоқ. Көптеген жұмыс істеліп жатыр, үйлер салынуда.
Думанды кеште Аяз ата мен Ақшақарлардың шеруі де ұйымдастырылды. Оған 100-ге жуық адам қатысты. Шыршаны айнала билеп, Ақшақар жасырған жұмбақты тапқан балғындар Аяз ата қоржынынан дәм татып, мәре-сәре болды.
Биыл тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлау үшін қаланың орталық көшелеріне шыршалардан бөлек, түрлі безендіру элементтері де қойылған. Алдағы күндері саябақтар мен мәдени ошақтарда концерттер өтпек.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев