Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева жылды қорытындылады
Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева жылды қорытындылады. Заңдардың барлығы дерлік халықтың өмірін жеңілдетіп, әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Сенаттың келер жылға жоспары да ауқымды. 7 парламенттік тыңдау, 70-ке жуық Үкімет сағаты, бірнеше маңызды кездесу өткізілмек. Қаңтардың басынан депутаттар өңірлерге сапарлайды. Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева іс-сапарда бірнеше маңызды мәселеге назар аударуды сұрады. Депутаттар тірек және спутниктік елді мекендер тізіміне кірмеген ауылдардың жағдайымен танысып, жағдайы төмен отбасылардың балаларына кепілді әлеуметтік пакет үлестіруге жергілікті биліктің дайындығын сұрап білу қажет. Сондай-ақ сенаторлар ауылдарға медицинаның қолжетімділігі мен сапасын зерделемек. Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қызметіне де ерекше назар аударылады.
Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:
- Қабылданған заңдар Елбасы мен Президент алдымызға қойған міндеттерді жүзеге асыруға және халқымыздың өмір сүру сапасын одан әрі жақсартуға бағытталған. Сенаторлар осындай маңызды мәселелер бойынша Үкіметке 120-ға жуық депутаттық сауал жолдады. Олардың орындалу барысы сенаторлардың үнемі бақылауында болады.
Ал күн тәртібі бойынша сенатта «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Заңды жүзеге асыруға қомақты қаржы жұмсалмақ. 2024 жылға дейін заңды іске асыруға 5,3 трлн теңге қажет болады. Заң жобасы төрт бағытты қамтиды. Ұстаздар артық жұмыстардан босатылып, жүктемесі азаяды. Мұғалімнің қызметіне қойылатын талап та күшейеді. Материалдық ынталандыру тетіктері де қарастырылған.