ШҚО-да жасанды жарылыс арқылы 10 мың текше метр қар түсірілді
Қазір кейбір аймақтарда қалыңдығы 75-80 сантиметрге жетіп қалды. Ал таулы аймақтарда қар көшкіні жүруі мүмкін. Сондықтан өңірдегі селден қорғау мекемесінің мамандары мен төтенше жағдайлар қызметі қауіпті болдырмау үшін қарды жарылыс арқылы құлатып жатыр.
Қауіпті аймақтардағы қардың қалыңдығын есептеу үшін арнайы таяқша белгілер орнатылады. Сол бойынша күнделікті 22 бақылаушы мәліметті орталыққа жеткізіп отырады. Көшкін жүруі мүмкін аймақтардағы қар жасанды жарылыс арқылы түсіріледі.
Омар Дүзгінбаев, «Қазселденқорғау» ММ облыстық филиалының жетекшісі:
- Бүгінгі күнге дейін 6 жарылыс жұмысын өткіздік. Күнделікті бақылаушылар қардың қалыңдығын орталық диспетчерге хабарлап тұрады.
Биылдан бастап төтенше жағдайлар қызметкерлері жарылыс жасалатын жерді әуелі дрон арқылы көріп алады. Бұл – мамандардың жарылғыш заттарды тау басына шығару кезіндегі қауіпсіздігінің кепілі. Өйткені биік тауда өздігінен түсетін қар көшкіні көп болады.
Қуаныш Есенбаев, облыстық ТЖД бас құтқарушысы:
- Қардың қалыңдығын мөлшермен осы техника арқылы көріп, қанша екенін мына экраннан көрсетеді. Сонымен зерттеп, бақылаймыз. Бұрынғы кезде адамдар қолмен өлшеген. Оның бәрі көп уақыт алатын. Қазір техниканың көмегімен уақытты үнемді пайдаланамыз.
Жалпы аймақта қар көшкіні болатын 336 аумақ бар. Ол жерлерде елді мекен мен демалыс орындары және автокөлік жолдары бар.
Олжас Керейхан, тілші:
- Бұл – Өскемен-Алтай ауданы автокөлік жолының 32-шақырымы. Екі жағы құз беткейдегі кей жердегі қардың қалыңдығы бір метрге дейін жетеді. Сондықтан үнемі бақылауда болады. Ал қыста бұл жерде қар жасанды жолмен түсіріледі.
Былтыр аймақта қар аз болды. Бірақ соның өзінде 50-ге жуық жарылыс жасалып, 100 мың текше метр қар түсірілген. Биыл желтоқсан айындағы қардың мөлшері кейбір жерлерде 80 сантиметрге жетіп қалды. Ал алда қаһарлы қаңтар мен ақ түтек бораны бар ақпан бар.
Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин