Ақтөбені безендіру жұмыстарымен мердігер компаниялар айналысуда
Ал орман алқабы мен тәлімбақтарда өсірілген қылқан жапырақты ағаштар құзырлы мекемелердің бақылауына алынған. Себебі табиғи шыршаны кесуге рұқсат жоқ. Мерекеге сай қаланы көріктендіру, безендіру жұмыстарымен айналысу мердігер компанияларға жүктелген.
Гүлімхан Тілесова шыршаны қолдан жасағанды жақсы көреді. Оған қоршаған ортаға қамқорлық жасау туралы ойы түрткі болған. Әрі Ақтөбенің айналасында да көздің жауын алатындай жайқалған шырша жоқ. Сондықтан да ғаламтордағы суреттерді қатты қағазға түсіріп, түрлі-түсті бояу арқылы жасауды әдет қылған. Университетте дәріс беретін ол шәкірттерін де осы іске баулып келеді.
Гүлімхан Тілесова, көркем еңбек және дизайн кафедрасының зертханашысы:
- Ормандағы шыршаларды кеспей-ақ, осындай түрлі бұйымдарды жасауға болады. Интернеттен көп нәрсені қарап, өзіңнің қиялыңды қосып, ойдан жақсы заттар жасауға болады деп ойлаймын. Жаңажылдық сыйлық ретінде сыйлауға болады, үйдің де көркін келтіреді.
Жаңа жыл мерекесіне орай қала аумағында негізінен жасанды шыршалар қойылып жатыр. Ең биігі әдеттегідей облыс орталығындағы Абай даңғылына қойылады. Көпшілікке арналған іс-шара өтетін Тұңғыш Президент атындағы саябақ, стадион алдындағы алаң да жабдықталуда. Көшелер, көпірлер, тұрғын үйлердің, ғимараттардың қасбеттері, кәсіпкерлік нысандар түрлі-түсті шамдармен қамтылуда. Жалпы құны 100 млн теңге болатын жұмысқа қаражат бюджеттен емес, демеуші компаниялардың есебінен жұмсалуда.
Хасан Юсупов, қалалық ТКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Жүз шақты архетектуралық пішіндер орнатылатын болады. Қазір мына қаржыны үнемдеу мақсатында былтыр қолданған кіші пішінді архетиктуралық пішіндерді қайтадан құрастырып, пайдаландық. Жасанды шыршалар қала бойынша қойылады.
Ал орман алқаптарында өсірілген шыршалар қазір қатаң бақылауға алынған. Себебі жаңа жыл қарсаңында оны кесуге тыйым салынды, ал 48 мың гектардан асатын облыстағы орман қорында қылқан жапырақты ағаштардың үлесі тым аз. Осыдан 5 жыл бұрын отырғызылған сібір шыршалары да әлі өсіп жетілген жоқ.
Ғабит Қылышбаев, Табиғи ресурстар, табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:
- Сауда орындарында сатылып жатқан қарағай, шыршалар көршілес Ресей Федерациясынан әкелінген. Олар аумақтық орман шаруашылығы инспекциясымен, шекара қызметімен және агроөнеркәсіптік кешеніндегі аумақтық инспекциямен фитосанитарлық бақылаудан өткізілген. Оған ешқандай қарсылығымыз жоқ.
Орман алқабында рейд жүргізу желтоқсанның алғашқы күндерінде басталды. «Осы уақытқа дейін ешқандай заңбұзушылық тіркелген жоқ», – дейді мамандар.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Әйбек Даутов