«Мейірімді жүрек – Бумеранг добра» ерекше акциясы бастау алды
Оның шарты бойынша шараға қатысушы кез келген пошталық мекен жайды таңдап, сыйлық жібере алады. Әзірге Нұр-Сұлтан мен Қарағанды қаласының тұрғындары белсенділік танытып отыр.
Баян Әбенова «Қазпошта» АҚ ұйымдастырған «Мейірімді жүрек – Бумеранг добра» акциясына алғаш рет былтыр қатысқан. Қызығушылық танытып, шарадан биыл да шет қалмады. Айтуынша, тосынсый алу әркім үшін де қуаныш.
Баян Әбенова, акцияға қатысушы:
- Бұл шынымен мейірімділік қой. Жаңа жылда таңғажайып сиқырға сенгің келеді. Сондықтан да биыл тағы қатысамын деп шештім. Былтыр кітап сыйлағанмын. Биыл дәмділерді беруді жөн көрдім.
«Мейірімді жүрек – Бумеранг добра» акциясына кез келген адам қатыса алады. Тек www.dobro-post.kz сайтында өзінің пошталық мекенжайын тіркеу керек. Кейін шара қатысушысы кездейсоқ мекенжайды таңдап, соған өз сыйлығын жібере алады. Бұл акциядан тіпті, пошта қызметкерлері де шет қалмаған.
Мирас Мұхаметқалиев, «Қазпошта» АҚ қызметкері:
- Бұл акцияның ойы маған қатты ұнады. Мен осы жобаға қатысып, өзімнің сәлемдемемді алып үлгердім. Өзім де басқа кісіге сәлемдеме жіберемін деп шештім.
Жалпы «Мейірімді жүрек – Бумеранг добра» акциясы биыл үшінші рет өткізіліп отыр. Желтоқсанның 12-сі күні басталған шарада әзірге елорда мен қарағандылықтар белсенділік танытуда. Акция келер жылдың ақпанына дейін жалғасады. Әзірге ел бойынша қатысушылардың саны 16 мыңды құрайды.
Авторлары: Риат Шони, Марат Таубаев