Дәрігерлер: Ұшақ апатынан зардап шеккендердің жағдайы ауыр
6 науқасқа операция жасалған. Жансақтау бөлімінде жатқан олардың жағдайы ауыр. Ауруханаға жеткізілген зардап шеккен азаматтардың туыстарына психологтар көмек көрсетуде. Олар үшін арнайы ақпарат тақтасы жасақталған. Онда ұшақ апатынан зардап шеккен азаматтардың ауруханаға түскен кездегі жағдайы мен көрсетілген медициналық көмек толық жазылған. Айта кетейік, еліміздің Денсаулық сақтау министрі ұшақ апатынан зардап шеккендердің жағдайын өзі жеке назарға алғанын хабарлады. Сондай-ақ дәл қазір Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы санитарлық авиациямен білікті дәрігерлер ұшып шықты. Министрліктің ақпаратына сәйкес ауруханаларда қажетті дәрілер мен қан көлемі жеткілікті.
Айман Байзолданова, №4 қалалық клиникалық ауруханасының бас дәрігерінің міндетін атқарушы:
- Таңғы сағат 8:00-ден бастап жедел жәрдеммен 19 науқас жеткізілді. Оның 11-і реанимация бөлімшесіне жатқызылды. Екі науқас мерт болды. Қалған 6 адамға операция жасалып, қазір бөлімшелерге жеткізілді. Көбісінде полижарақат, өйткені тек бір жарақат емес. Көбіне мидың шайқалуы, қол-аяқтары сынған. Науқастар сондай өте ауыр жағдайда жеткізілген.