Арнайы үкіметтік комиссия апаттың себеп-салдарын анықтап жатыр
Қайғылы оқиғаның неден болғанын тиісті орындар анықтап жатыр. Премьер министрдің орынбасары Роман Скляр апаттың себеп-салдарын білу үшін Халықаралық авиация комитетінің өкілдері де шақырылғанын айтты.
Ұшақтың ішінде аман қалған жолаушылардың айтуынша, алғашқы көмек шамамен 20 минуттан кейін жеткен. Өрт сөндірушілер оқиға орнында жарты сағаттан кейін болды. «Құтқару күштерінің кешігу себебі – ұшақ құлаған аумақтағы қардың қалыңдығы және бетон тосқауылдарының кедергі болуы», – дейді мамандар. Жалпы оқиға орнынында құтқару және іздестіру жұмыстарына қаладағы барлық құтқару саласының қызметкерлері жұмылдырылды. 1000-ға жуық құтқарушы мен 72 арнайы техника оқиға орнында құтқару жұмыстарымен айналысты. Сондай-ақ қаладағы 12 жедел жәрдем медициналық бриагадасы зардап шеккендерге барынша көмек көрсетті.
Ерлан Әлібеков, Алматы қалалық ТЖД басшысының орынбасары:
- Алматы қаласы мен Алматы облысының күштерін жібердік. Ұлттық ұланның әскери қызметтерін осы жерге жіберіп, құтқару операциясын ұымдастырдық. Келген кезде 88 адамға көмек көрсетіліп, олар самолеттен шығарылған болатын.
Ұшақ апатына қатысты үкіметтік арнайы комиссия құрылды. Комиссия мүшелері әуежайдағы алаңды және апат орнында болып, баспасөз мәслихатын өткізді.
Роман Скляр, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
- Апаттан қаза тапқан барлық жанның жақындарына Үкімет тарапынан көмек көрсетіледі. Қазір біз осы апаттың себеп-салдарын анықтауға халықаралық авиациялық комитет өкілдерін шақырттық. Сараптамалық тексеру тобы құрылды.
Қазіргі уақытта Алматы әуежайы қалыпты кесте бойынша жұмыс істеуде. Ішкі жене халықаралық әуе қатынасында өзгеріс жоқ. Тек «Bek Air» компаниясына тиесілі ұшақтар қызметі уақытша тоқтатылды. Әуежайда психологиялық көмек көрсету, төтенше жағдай мен жедел жәрдем қызметтері күшейтілген жұмыс жүйесіне көшірілді.
Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Алмас Сәдуақас, Эдуард Кон, Кенже Амраев