Ұшақ апатынан зардап шеккендердің жағдайы ауыр
Сондай-ақ бас қаладан арнайы санитарлық авиациямен білікті дәрігерлер ұшып шықты. Министрліктің ақпаратына сәйкес, ауруханаларда қажетті дәрілер мен қан көлемі жеткілікті. Апаттан зардап шеккендерге көмек болсын деп қала тұрғындары мен қонақтары өз еріктерімен келіп қан тапсырды.
Алматыдағы №4 клиникалық ауруханаға ұшақ апатынан зардап шеккен 19 жолаушы жеткізілді. Өкінішке орай олардың екеуі ауруханада көз жұмды.
Айман Байзолданова, №4 қалалық клиникалық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы:
- Таңғы сағат 08:00-ден бастап жедел жәрдеммен 19 науқас жеткізілді. Оның 11-і реанимация бөлімшесіне жатқызылды. Екі науқас мерт болды. Қалған 6 адамға операция жасалып, қазір бөлімшелерге жеткізілді. Науқастар өте ауыр жағдайда жеткізілген.
Ал қалалық жедел көмек көрсету ауруханасына таңғы сағат 09:00-ден кейін жедел жәрдеммен 12 жолаушы жеткізілген. Олардың біреуі жан сақтау бөлімінде жатса, енді біріне операция жасалуда. Қалғандарының халі орташа екен.
Оңласын Ибекенов, қалалық жедел көмек көрсету ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:
- Негізгі жарақаттар – аяқ-қол сүйектерінің сынуы, аяқ-қол буындарының соғылуы, бас ми жарақаты, бас ми шайқалуы. Барлық науқастың туыстарына психологиялық көмектер көрсетілді. Көбіне 20-30 аралығындағы жас адамдар, оның ішінде бесеуі әйел адам, жетеуі ер адам.
Апаттан зардап шеккендерге көмек болу үшін қала тұрғындары мен қонақтары өз еріктерімен келіп қан тапсырды. Таң атқалы қан орталықтарының алдына 1000-нан аса адам жиналды.
Айта кетейік, еліміздің Денсаулық сақтау министрі ұшақ апатынан зардап шеккендердің жағдайын өзі жеке назарға алғанын хабарлады. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы санитарлық авиациямен білікті дәрігерлер ұшып шықты. Министрліктің ақпаратына сәйкес, ауруханаларда қажетті дәрілер мен қан көлемі жеткілікті.
Авторлары: Алуа Маханбет, Радик Жакупов