Ұшақ апатынан қаза тапқан бір адамның денесі елордаға əкелінді
Тағы бір кісінің мәйіті жеткізіледі деп жоспарланған. Жалпы әуе апатынан 12 адам қаза тапты. Жолаушылардың бірі елордаға қызмет бабымен жолға шықса, екіншісі Жаңа жыл мерекесін бас қалада қарсы алмақшы болыпты.
Ұшақ апатынан қаза тапқандардың арасында Генералдар кеңесінің төрағасы Рүстем Қайдаров бар. Рүстем Есімханұлы 1940 жылы ШҚО-да дүниеге келген. Бар ғұмырын құқық қорғау саласына арнаған. Қазақстандық полицияның қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосты. Осы саладағы еңбегі үшін Ішкі істер министрлігінің «Еңбек сіңірген қызметкері» атағымен және «Парасат» орденімен марапатталған.
Арман Исина еліміздегі білікті дәрігер, акушер-гинеколог еді. Қарағанды мемлекеттік медицина институтын бітірген ол еліміздегі әртүрлі денсаулық сақтау ұйымдарында, Денсаулық сақтау министрлігінде және халықаралық денсаулық сақтау ұйымдарында жұмыс істеді. Қызмет бабымен іссапарда жиі болатын маман бұл жолы да кезекті дәрістен қайтып келе жатқан.
Дана Круглова. «Informburo.kz» ақпараттық порталының шығарушы редакторы, әріптесіміз. Жаңа жыл мерекесін елордада тұратын ата-анасымен бірге қарсы алмақ болып, осы ұшаққа отырған. Небәрі 35 жасында көз жұмды.
Жанаткүл Жалмағамбетова, Дана Круглованың анасы:
- «Билет сатып алдым. Жаңа жылды сіздермен қарсы алғым келеді», – деді. Мен: «Қызым, біз ерте ұйықтап қаламыз. Мүмкін келмей-ақ қоярсың», – дедім. «Жоқ 27-сі ұшып келемін», – деді. Жақында билетті 28-іне ауыстырдым деп еді. Бірақ кейін теледидар қосып, жаңалықты көргеннен кейін мен оған қайта-қайта қоңырау шала бердім. Аман болар деп үміттендім.
Абай Нұрбековті де ата-анасы асыға күтіп отырған еді. Осы ұшаққа төрт баласымен, әйелімен бірге отырған. Апат кезінде қаза тапты. Балалары мен жұбайы ауыр жараланып, ауруханаға жеткізілді. Тағы бір әулет қара жамылды.
Ажал құшқандар арасында әуе кемесінің командирі, тәжірибелі ұшқыш Марат Мұратбаев та бар. Ол оқиға орнында жан тапсырды. Достарының айтуынша, бала кезінен-ақ ұшқыш болуды армандапты.