Ұшақ апатына байланысты тергеу қорытындысы 10 қаңтарға дейін жарияланады
Бұл туралы Үкімет басшысының орынбасары Роман Скляр мәлім етті. Оның айтуынша, борттың жазу құрылғысы бүлінбеген. Бұған дейін апатқа ұшыраған Fokker-100 ұшағының қара жәшігі Мәскеу қаласындағы мемлекетаралық авиация комитетіне берілетіні айтылған еді. Ондағы жазбалар арқылы әуе кемесінің апатқа ұшырау себебі анықталады.
Роман Скляр, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
- Тергеу барысында анықталған барлық мәлімет жарияланады. Өздеріңіз білетіндей Мемлекетаралық авиация комитетінің мамандары Алматыға келді. Олардың айтуынша, өздігінен жазу құрылғысы жақсы күйде сақталған. Сондықтан қара жәшікті оқу кезінде қиындық туындамайды. Тексерістің алдын ала нәтижелері 10 қаңтарға дейін белгілі болады. Bek Air компаниясының қызметі тоқтатылды. Тергеудің алдын ала қорытындысы бойынша осы үлгідегі ұшақтардың пайдаланылуы мен әуе компаниясының қызметіне қатысты шаралар қабылданады.