Жаза басқандардың тартатын жазасы күшейді
Мәселен, мал ұрлығы енді ауыр қылмыс саналады. Қылмыстық топтың құрамы мен көлеміне қарай барымташылар 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Тараптардың татуласуына жол берілмейді.
Сондай-ақ бұған дейін мас күйінде көлік жүргізгендер 2 жылға жүргізуші куәлігінен айырылып не 40 күнге қамалса, енді 1 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Мас жүргізушінің кесірінен кісі көз жұмса, тараптардың ымыраласуына тыйым салынады. Айыпты адам 10 жылға сотталып, жүргізуші куәлігінен өмір бойға айырылуы мүмкін.
Зорлық-зомбылық пен педофилияға да жаза қатал, ауыр санатқа жатады. Ондай қылмыскермен мәмілеге келуге тыйым салынады. Жас балаға зорлық танытқандар 20 жыл немесе өмір бойға бас бостандығынан айырылады. Балалардың өмірін қиғандарға да осындай жаза.
Ал есірткі насихаттап, жарнамалағандар 6 жылға дейін қамалады. Интернет арқылы түнгі клуб, дәмхана мен паркте есірткі саудалаған үшін 15 жылға дейін түрмеге жабу көзделген. Кәмелетке толмағандарға есірткі сатқандар өмір бойға бас бостандығынан айырылады.