KEGOC компаниясы Қазақстанды жарықпен қамтамасыз етеді
Олардың бірі – энергетиктер. Мереке күндері Kegoc компаниясының диспетчерлері елді жарықсыз қалдырмау үшін демалыссыз, үзіліссіз жұмыс істейді.
«Бұл орын – күллі Қазақстан Республикасының электр энергетикасы жүйесінің жүрегі» деуге болады. Бір сөзбен айтқанда, елде энергия өндіретін станциялар мен электр жеткізу желілерінің жұмысы осы бейнеқабырғада көрсетіліп тұр. Kegoc компаниясына қарасты диспетчерлік орталықтың жұмысы бір сәтке тоқтамайды, үнемі бақылауда. Қазақстанды жарықсыз қалдырмас үшін диспетчерлер күндіз де, түнде де монитордан көз алмайды. Алдағы мереке күндері мұнда жұмыс тіпті қыза түседі.
Станислав Карбанёв, «Кеgос» АҚ Ұлттық диспетчерлік орталығы басшысының орынбасары:
- Жаңа жыл күні, әсіресе кешке және түнде электр қуатын тұтыну көлемі әдеттегіден үш есе арта түседі. Сондықтан осы мереке күндері әр үйдің жарығы сөнбес үшін KEGOC электр станцияларын жаңартты. Сондай-ақ осы күні диспетчерлердің жауапкершілігі де арта түседі. Ұлттық диспетчер орталығының мамандары 9 өңірлік орталықты бақылап отырады.
Диспетчерлік пунктегі бейнеқабырғаның ТМД бойынша теңдесі жоқ. Көлемі жағынан ең үлкені. 36 бейнемодульден тұрады, экранының жалпы көлемі көлденеңінен 12,2 метр және тігінен 4 метрге тең.
Ералы Шынасылов, «Кеgос» АҚ Ұлттық диспетчерлік орталығының директоры:
- Қазір тұтас Қазақстан бойынша 85-тен астам электр станциясы бар. Ұлттық электр жүйесіне 80 аралық станция қосылып, жұмыс істеп тұр. Олар жоғары қуатпен үлкен Қазақстанның территориясын жарықпен қамтып отыр.
Тәулігіне 24 сағат, аптасына 7, жылына 365 күн. Ел энергетиктері үздіксіз еңбек етеді. Көпшілік елей бермейтін энергетиктердің үлкен міндеті – әрбір қазақстандық шаңырақтың шырағын сөндірмеу.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Марат Таубаев