Қостанайда мемлекеттік бағдарламалар арқасында 3 500 отбасы баспаналы болды
Бұл – өңірде тұрғын үй құрылысының қарқын алуының нәтижесі. 2019 жылы «Нұрлы жер», «Бақытты отбасы» бағдарламалары бойынша 3500 отбасы қоныс тойын тойлады.
Соңғы 4 жылда Қостанайда тұрғын үй құрылысы ерекше қарқын алды. Аталған мерзімде облыс орталығында 1 млн шаршы метрден астам жерге үй салынып, 4 шағын аудан бой көтерді. 11 мыңнан астам отбасы жеке пәтерге ие болды. Бұл, шамалап айтатын болсақ, «Арқалық, Лисаков сияқты шағын қала қала тұрғындары баспаналы болды» деген сөз.
Бүгінде орташа табысы бар отбасыларға баспаналы болудың жолы жеңілдей түскен. «Нұрлы жер», «Бақытты отбасы» деген мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көргендер көп. Аталған бағыт бойынша Тобыл өңірінде биыл 4 мыңға жуық пәтер тапсырылады. Соның тең жартысы жеңілдетілген несиеге, бір бөлігі жалға беріледі. Осындай мемлекеттік бағдарламалар өңірде құрылыс индустриясының дамуына тың серпін берді. Түрғын үй құрылыс комбинаты, цемент зауыты сияқты бірнеше өндіріс орындары ашылды.
Валерий Полешко, құрылыс компаниясының өкілі:
- Құрылыс материалдарының 80% өзімізде өндіріледі. Компания қарамағында 3 зауыт бар. Бірінде – қиыршық тастар, екіншісінде – темір-бетон бұйымдары, тағы бірінде кірпіш шығарылады.
Алдағы жоспар да ауқымды. Қостанайдың өзінде Береке, Қонай деген жаңадан екі шағын аудан пайда болады. Ол аумақта 100-ден астам 5-9 қабатты үйлер салынады. Жоспар бойынша жоба 2022 жылға дейін жүзеге асуы тиіс. Қазіргі кезде газ, су, жарық өткізу жұмыстары басталып та кетті.
Берік Таңжарықов, облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:
- Бүгінгі күнде 19 үйдің жобалық сметалық құжаттары дайын. Оның ішінде 15 үй кредиттік үйлер, 4 үй жалға беру бойынша салынады. Соған қосымша бір қабатты үйлер, екі қабатты коттеждік үйлер бір архитектуралық стиль бойынша салуды жоспарлап отырмыз.
«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бірегей сәулет стилінде жер үйлер салу жобасы алғаш Қостанай ауданының Заречный кентінде қолға алынған болатын. Бас-аяғы екі-үш жылдың ішінде 37 гектар бос жерде коттедж үлгісіндегі үйлер қалашығы пайда болды. Енді осы бастама облыс орталығында жалғасын таппақ.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг