Алматыда 2019 жылы мемлекеттік бағдарламалар арқылы 3 мыңнан астам пәтер берілді
Оның ішінде 860-тан астам пәтер мемлекеттік тұрғын үй қорынан, ал 1,5 мыңнан астам пәтер жеңілдетілген пайызбен жинақтау банктері арқылы берілді. Олардың арасында көпбалалы отбасылар мен жастар да бар. Ал биыл қанша пәтер салынады?
Жаңа жыл алдындағы жақсы жаңалық. Бұл – Алматының жұмысшы жастары. Бірі ұстаз, екіншісі дәрігер, тағы бірі өрт сөндіруші екен. Барлығы да бұған дейін қомақты ақшаға пәтер жалдап келген. Енді Жастар жылының аясында оларға сатып алу құқығынсыз 5 жылға 249 арендалық пәтер берілді.
Мадина Бермұратова, қала тұрғыны:
- Осы бағдарламаның барына өте қуаныштымыз. Себебі шотымыздағы ақшамызды толықтырып, болашақта өзіміздің үйімізге ие болуымызға зор мүмкіндік деп ойлаймын. Одан бұрын біз жалдамалы пәтерде 50 мың теңге төлеп тұрдық.
Бұл бағдарлама алдағы жылы да жалғасады. Қазір екінші кезеңі бойынша 500-ден астам пәтерге құжат қабылдануда. Қала тұрғындары «Бақытты отбасы» бағдарламасының да игілігін көріп отыр.
Ермек Әміров, Тұрғын үй саясаты басқармасының бөлім басшысы:
- «Бақытты отбасы» бағдарламасы бірінші кезекте Алматы қаласында көпбалалы отбасыларға арналып шығарылды. Ол жерде көпбалалы отбасылар 15 млн теңгеге дейін ақшалай жеңіл пайызбен ақшаларын алды және де Алматы қаласының әкімдігі оларға сертификат ретінде қайтарымсыз 1 млн теңге көмек ретінде берді.
Осылайша 284 көпбалалы отбасы көптен күткен баспанасына қол жеткізді. Әуелі Алматыда басталған жоба кейін республика көлемінде қолдау тауып, тағы жүздеген алматылық жанұя қуанышқа бөленді.
Ермек Әміров, Тұрғын үй саясаты басқармасының бөлім басшысы:
- Ол жерде тек қана көпбалалы отбасылар ғана емес, толық емес отбасылар және асырауында мүгедек баласы бар отбасылар қатыса алды. Бұл бағдарлама да іске асып 220-дай отбасы өз пәтерлеріне қол жеткізді.
Жергілікті атқарушы билік: «2020 жылы құрылыс қарқынын үдетпесек, төмендетпейміз», – дейді. «Тышқан жылы Алматыда 4 мыңнан астам пәтер салынып, кезекте тұрған адамдарға беріледі» деген жоспар бар. Дегенмен 25 мың адам баспана кезегінде тұр. Олардың 10 мыңы бюджеттік сала қызметкері.
Авторлары: Ұлан Нарынбек, Мұхит Құдықбаев