АӘК тағайындауға өтініштер қабылдау 5 қаңтардан басталды
«Мамандардың құжат рәсімдеуге жеке бас куәлігі жеткілікті», – дейді.
Жаңа жылдан бастап көпбалалы отбасыларға жаңа мемлекеттік жәрдемақы беріле бастайды. Бұл мемлекеттік жәрдемақы 4 және одан да көп кәмелет жасына толмаған немесе ЖОО-да білім алып жатқан жасы 23-ке толмаған балалары бар аналарға беріледі. Яғни бала санына қарай 42496 теңгеден 74388 теңгеге дейін төленеді. Егер бұл отбасы табысы бойынша аз қамтылғандар санатына жататын болса, онда аталмыш жанұяға жаңа жәрдемақыдан бөлек АӘК беріледі. Бұған қоса кепілдікті әлеуметтік топтама ұсынылады. Яғни аз қамтылған, көпбалалы отбасы болса, көмектің барлық үш түрін алады.
Атаулы әлеуметтік көмек:
42 496 тг – 4 бала
53 127 тг – 5 бала
63 757 тг – 6 бала
74 388 тг – 7 бала
Айнұр Әубәкірова, Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының бас маманы:
- Осы жылдан бастап жан басына шаққандағы кедейлік шегіне, кіріс табысына айырмашылығын ғана төлейміз. Осы жылғы орташа кедейлік шек 24258 теңгені құрайды. АӘК тағайындау кезінде біз тек жеке бас куәлігіне ғана қараймыз. Базаға барлық ақпаратты енгіземіз.
АӘК тағайындау кезінде отбасында табыс табатын жанның болуы міндет. «Мемлекетке масыл болмай, отбасын асырау әркімнің өз жауапкершілігі екенін ескеру қажет», – дейді мамандар. Ал жұмыссыз болған жағдайда мемлекет тиісті қызмет ұсынады. Еңбекке қабілетті азамат жұмысқа орналасудан бас тартқан жағдайда бүкіл отбасы мүшелеріне АӘК берілмейді.
Салтанат Станбаева, Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының бөлім басшысы:
- Мамандық та қарастырылады. АӘК-ке олардың күнкөріс деңгейі жан басына шаққанда 70% төмен болуы тиіс. Сондықтан біз ол кісілерге жұмыс тауып береміз.
Өткен жылы әр балаға 24258 теңге тағайындалған болса, биыл бұл қаражаттың тек айырмашылығы төленеді. Жаңа форматқа сәйкес АӘК мөлшері отбасының жан басына шаққандағы орташа кірісі мен жанұя мүшелерінің күнкөріс деңгейінің 70% арасындағы айырмашылықты құрайды.
Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Марат Диханбаев