Қарағандыда ақылы сырғанақ алаңдары тегін қызмет көрсете бастады
Ал егер сырғанайтын шана болмаса, 300 теңгеге жалға алуға болады. Тұрғындардың жаппай наразылығынан соң саябақ әкімшілігі осындай жеңілдік жасаған. Алайда сырғанақ алаңдарын салған кәсіпкерлер: «Шығынға шаш етектен баттық», – деп отыр.
Қыстың бір қызығы – таза ауада құмарың қанғанша сырғанақ тебу. Әрине, ауыл балалары үшін бұл аса қиындық тудырмасы анық, тауға барып айызын қандырады. Ал қалалықтар үшін кедергі көп. Айталық, қазір Қарағандыда бас-аяғы 15 сырғанақ алаңы жұмыс істеп тұр. Жаңа жылға дейін оның барлығы ақылы болып келген. Бірақ тұрғындардың жаппай наразылығынан соң жергілікті биліктің араласуымен қаңтар айынан бастап тең жартысы тегін қызмет көрсете бастады.
Бөлтірік Жаубасов, Мәдениет және демалыс саябақтары басқармасы басшысының орынбасары:
- Кәсіпкерлермен келісім жасалды. Егер өзінің тюбингімен немесе конькиімен келген болса, тегін сырғанайды. Ал жалға алатын болса, тюбинг пен конькиді сағатына 300 теңгеге алады.
Алайда саябақтағы сырғанақ алаңдарының тегін болуы кәсіпкерлерге тиімсіз болып тұр. Мәселен, Жұман Құсайынов мына сырғанақ алаңын салу үшін өз қалтасынан 3,5 млн теңге жұмсапты. Енді оны тұрғындарға тегін беруге мәжбүр. Тек тюбингті ғана жалға өткізе алады. «Бірақ бұл шығынымды жаппайды», – деп отыр.
Жұман Құсайынов, кәсіпкер:
- Маңайда тюбингті жалға беретіндер жетіп артылады. Бірақ басым көпшілігі сырғанақ алаңын салмаған. Тек тюбинг беруге келісімшарт жасаған. Олардан шананы жалға алған тұрғындар жаппай менің сырғанағыма келеді. Ал мен оларды тегін босатуға мәжбүрмін. Талап солай. Салдарынан менің тюбингтерім өтпей, шығынға батып жатырмын.
Дей тұрғанмен, саябақ әкімшілігі кәсіпкерлердің бұл пікірімен келіспейді. Мәселен, сырғанақ қожайындары бұған дейін жерді жалға алғаны үшін ай сайын 100 мың төлеп келсе, енді одан босатылған екен.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Аслан Демесбаев