23 мыңнан астам ақтөбелік азамат баспана кезегінде тұр
Жоспарды жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен қомақты қаржы қарастырылған. Сондай-ақ әлеуметтік жағдайы нашар отбасыларға тұрғын үй сертификаты бөлінеді.
«Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысып, тиісті құжаттарын тапсырған Гүлнұр Ержанова басты арманының орындалатынын мүлде ойламаған еді. Себебі бұған дейін қанша талпынғанымен, баспаналы болудың еш сәті түспеген. Сондықтан да үш баласымен бірге ұзақ жыл пәтер жалдап тұруға мәжбүр болды. Ал тапқан табыс отбасының қажеттілігінен артылмайтын.
Гүлнұр Ержанова, қала тұрғыны:
- Тамызда құжат тапсырып едім. Үш бөлме арманым болды. Жаңа жылда осындай қуаныш болып жатыр. Қолыма рұқсат қағазын берді.
Биыл «Бақытты отбасы» бағдарламасын іске асыруды наурыздан бастау көзделіп отыр. Мамандардың айтуынша, құжатта ешқандай өзгеріс жоқ. Бағдарлама былтырғыдай көпбалалы, толық емес және мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыларына арналған. Әрі бағдарламаға қатысқан жанұялардың жағдайына орай тұрғын үй сертификатын беру де көзделген. Өткен жылы бұл мақсатқа ел бойынша 50 млрд теңге бөлінгені белгілі. Ал биыл, мамандардың сөзінше, бұл қаражат 2 есеге дейін ұлғайды. Сәйкесінше әр өңірде «Бақытты отбасы» бойынша баспаналы болатындардың саны артады.
Ерлан Рамазанов, Тұрғын үй қатынастары бөлімі басшысының міндтін атқарушы:
- Оларға 2% 10 млн теңге көлемінде несие беріледі. Несиені қайтару уақыты 20 жылға есептеліп беріледі. Негізінен бұл қаржы көп соманы құрамайды. Мысалы, орташа есеппен алғанда, 50 мың теңгедей төлейді. Бұл – ең жоғарғы несие көрсеткіші.
Былтыр қала бойынша 485 отбасы бағдарламаның игілігін көрген. Нәтижесінде Ақтөбе елдегі «Бақытты отбасы» жобасын сәтті іске асырған өңірлердің үздік үштігінің қатарынан көрінді. «Биыл баспаналы болатындардың саны әлдеқайда өсуі мүмкін», – дейді мамандар. Себебі тұрғын үй кезегінде тұрған 23 мыңнан астам адамның арасында бағдарлама санатына сәйкес келетіндері аз емес.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев