Иранда құлаған ұшақта қазақстандықтар болмаған
Киевке бағыт алған Boeing-737 ұшағы Тегеран әуежайы маңында құлады. Бортында экипаж мүшелерімен қосқанда 176 адам болған. Барлығы қаза тапты. Оқиғадан кейін әуе компаниялары Иранның әуе кеңістігімен ұшпайтындарын мәлімдеді.
Тегеран-Киев бағытындағы PS 752 рейсі имам Хомейни атындағы халықаралық әуежайдан жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 06:38-де ұшып шыққан. Алайда көкке көтерілген соң 6 минуттан кейін онымен байланыс үзілді. Ұшақтың құлап бара жатқан сәтін тұрғындар видеоға түсіріп алған. Кадрлардан лайнердің жерге соғылып барып, жанып кеткенін көруге болады.
Ареф Гераванд, куәгер:
- Жарылысты естігенімізде сағат таңғы 06:00 шамасы болатын. Мен жұмысқа кетіп бара жатқанмын. Бірақ бірден кері қайттым. Келіп жеткенімде шашылып жатқан ұшақ бөліктерін көрдім. Айта кетерлігі, ұшқыш әуе кемесін жақын маңдағы тұрғын үйлерге емес, футбол алаңына қарай бұрып әкете алған. Сөйтіп алаңға құлаған.
Ақпарат құралдарының хабарлауынша, ұшақ 2,5 шақырым биіктіктен құлдилаған. Мұндай жағдайда адамдардың аман қалуы мүмкін емес еді. Соңғы мәліметке қарағанда, бортта 167 жолаушы мен 9 экипаж мүшесі болған. Ешбірі тірі қалған жоқ. Қаза тапқан жолаушылардың азаматтығы анықталды. Украина Сыртқы істер министрлігі жариялаған алдын ала ақпарат бойынша құрбандардың көбі – ирандықтар мен канадалықтар. Сонымен қатар ұшаққа Украина, Германия, Ұлыбритания, Швеция, Ауғанстан азаматтары да отырған.
Ұшақ бортында болған азаматтар:
Украина – 11
Иран – 82
Канада – 63
Германия – 3
Ұлыбритания – 3
Швеция – 10
Ауғанстан – 4
Ұшақ қозғалтқыштың өртенуінен құлады. Иранның Жол және көлік министрлігі осылай деп мәлімдеді. Теракт емес, техникалық ақау. Мұны Украина тарапы да құптап отыр. Оқиғаның анық-қанығы зерттеліп жатыр. Boeing-737 лайнері «Украина халықаралық әуе жолдары» компаниясына тиесілі. Қара жәшік табылды. Иранның құтқару қызметі оны құқық қорғау органдарына тапсырған.
Александр Шафиев, әуе компаниясының техникалық директоры:
- Ұшақ 2016 жылы құрастырылған. Біз оны тікелей Boeing зауытынан алдық. Яғни оған дейін қолданыста болмаған. Техникалық проблемары жоқ еді. 6 қаңтарда тексерістен өтті. Ешқандай ақау болған жоқ.
Игорь Сосновский, әуе компаниясының вице-президенті:
- Ұшақ 2 400 метр биіктікке көтерілді деген ақпарат бар. Апат экипаж қателігінен болды деп ойламаймыз. Олардың тәжірибесін ескере отырып, экипаж қателік жіберді дегенге сену қиын.
Апаттан кейін бірқатар елдің әуе тасымалдаушылары Иран мен Ирак арқылы ұшудан бас тартты. Еліміздегі Air Astana әуе компаниясы Алматыдан және Нұр-Сұлтаннан Дубайға ұшатын ұшақтарының бағытын өзгертті. Енді компанияға тиесілі әуе кемелері Біріккен Араб Әмірліктеріне жету үшін Ирак және Иран мемлекеттерінің әуе кеңістігін айналып өтеді. Салдарынан ұшу уақыты ұзарады. Scat әуе компаниясы да кей бағыттар бойынша ұшу бағытын өзгертті.
Авторы: Меруерт Жақан