Елордалық бүлдіршін тіс емханасындағы ем-домнан кейін ес-түссіз күйге түсті
Сол сәтте комаға түскен бала, міне, 2 аптадан бері ұйқысынан оянған жоқ. Анасының Facebook желісіндегі жанайқайынан соң жауапты орындар аяғынан тік тұрды.
Анастасияның тіс емханасына алғаш келуі емес. 2,5 жасар қызының тісін бұған дейін де емдеткен екен. Бірақ бұл жолы жарнамасы жер жарған клиникаға келуді жөн көрген.
Анастасия Зеленая, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Стоматологпен сөйлескенде: «Бір жасқа толғанда сынама жасатсаңдар, қазір жасаудың қажеті жоқ», – деді. Баланы тексеріп, қай тісін емдеу керектігін айтты да, мені күту залына жіберді. Көп өтпей абыр-сабыр басталып кетті. Жедел жәрдем келгенін байқадым. Клиника әкімшісінен «Менің балама келіп тұр ма?» деп бірнеше рет сұрадым. «Сіздің балаңыз емес», – деп жауап берді. Бірақ артынша анестезиолог келіп, баламды жедел жәрдем алып кеткенін айтты.
Баланың өлім аузында жатқанына қарамастан, алғашқыда медициналық орталықтардың кейбірі қабылдаудан бас тартқан.
Анастасия Зеленая, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- «Біз сіздің балаңызды қабылдамаймыз. Өйткені менің осы қызметте отырған 15 жылдың ішінде сотқа дейін жеткен қаншама даулы мәселелер болды. Сондықтан мұндай оқиғалармен байланысқым келмейді», – деді.
Сәби жұқпалы аурулар ауруханасынан бір-ақ шығады. Онсыз да өлім аузында жатқан бала үшін бұл мекеменің қауіпті екенін айтып шырылдаған ананың жанайқайы әлеуметтік желі арқылы министр Елжан Біртановтың құлағына жетті. Артынша сәби өзге ауруханаға ауыстырылады. Оның жағдайын білу үшін ауруханаға министрдің өзі барды.
Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Таңертең №2 қалалық балалар ауруханасында қыздың қазіргі жағдайына қатысты дәрігерлік кеңес өткіздік. Оған республиканың ең мықты балалар дәрігерлері: неврологтар, нейрохирургтар, кардиохирургтар және анестетиктер қатысты. Баланың жағдайы өте ауыр деп бағаланып отыр. Қазіргі уақытта дәрігерлердің тәулік бойы қадағалауында. Интенсивті терапия алып жатыр.
Артынша жауапты орындар журналистерді жинап арнайы брифинг өткізді.
Нүрила Малтабарова, анестезиолог-реаниматолог:
- Негізінде бұл препараттарды балаларға қолдануға болады. Ал оның дозасы жас ерекшелігіне қарай белгіленуі тиіс. Бірақ бұл жағдайға қатысты қазір біз нақты ештеңе айта алмаймыз. Қанша доза салынғанын тек арнайы комиссия анықтайды.
Алдын ала болжам бойынша екпе ауыр аллергиялық реакция тудырған. Бала анафилактикалық шок алған болуы мүмкін.
Сәуле Қисықова, Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасынын басшысы:
- Қазіргі кезде баланың жағдайы ауыр. Өкпесі жасанды демалу аппаратына қосылған. Арнайы кеңес өткіздік. Емдеу шаралары жалғаса береді.
Біздің түсірілім тобы аталған клиниканы да іздеп тапты. Бірақ басшылардың бірде-бірі жұмыс орнында жоқ. Тіпті телефон арқылы да жауап беруден бас тартты. Ал емхана әкімшісі әзірге науқастарды қабылдамайтындықтарын айтып отыр.
Стоматологиялық клиниканың 2017 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқандығы анықталды. Осы оқиғадан кейін жауапты органдар тексеру жұмыстарын бастап кетіпті. Ол үшін арнайы мамандар мен тәуелсіз сарапшыларды арнайы шақырып отыр. Сәбидің ауыр халге түсуінің негізгі себептері бірер күнде анықталуы тиіс.