Қызылорда облысы тұрғындарының 86,6% медициналық сақтандырылған
Зағира Мажитова – 45 жыл құрылыс саласында тер төккен жан. 5 баланың анасы кезінде өндірістік жарақат алыпты. Содан бері денсаулығы жиі сыр беріп жүр екен. Бүгінде дәрігер қарауында болған ол: «Жаңа жылдан басталған жаңа жүйенің игілігін көріп үлгердім», – дейді.
Зағира Мажитова, Қызылорда қаласының тұрғыны:
- Бұрын бәріне, тіпті УДЗ-ге де ақша төлейтінбіз. Мен МРТ-ға бірнеше рет түстім. Бағасы 14-15 мың тг болған. Қазір бағдарламаның қолжетімділігінің арқасында МРТ-ні тегін өткеніме өте қуаныштымын.
Бүгінде Қызылорда облысы емханаларында 800 мыңнан астам азамат тіркелген. Олардың 86,6% медициналық сақтандырылған. Қалғанының санаты алдағы 3 ай мерзімінде нақтыланатын болады. Ал өз-өзін сақтандырушылардың жарнапұл төлеу жолын жеңілдету үшін әр емханаға арнайы терминалдар орнатыла бастады.
Бақыт Исмаханбетов, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» филиалының директоры:
- Бұл жүйені 2 рет кейінге шегеруге басты себеп болған контингент – өзін-өзі жұмыспен қамтып отқан азаматтар. Ол азаматтар үшін мемлекетіміз 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап «бірыңғай әлеуметтік жиынтық төлем» деген төлем түрін енгізіп қойған. Ол көп ақша емес. Минималды айлық есептік көрсеткіш 2020 жылға 2615 тг болып бекітілді. Қалалық жерде тұратындар осы АЕК көлемінде ақшасын төлейді. Ауылдық жерде тұратындар сол соманың 50% төлейді.
Сондай-ақ емханалық, жедел-жәрдем, санавиация қызметтері мен әлеуметтік мәні бар науқастардың ем-домы тегін медициналық көмектің кепілді көлемі негізінде көрсетілетін болады. Ал әлеуметтік аз қорғалғандар мемлекет тарапынан қаржыландырылады.
Қуаныш Алмағамбетов, дәрігер-невропатолог:
- Жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігіне стендтеу, трансплантация жатады. Оған біз емханадан жолдамамен жібереміз. Ол Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларындағы ұлттық институттарда жасалады.
Мамандардың айтуынша, бүгінде еліміз бойынша медициналық сақтандыру қорында жұмыс берушілердің аударымдары есебінен 250 млрд теңге жинақталған. Бұл қомақты қаржы биылдан бастап сақтандыру пакетіндегі қызмет түрлерінің ақысын өтеуге жұмсалады екен.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамед Байділдаев