Қарағандылық 8 жасар оқушы әлем картасын жатқа біледі
Небәрі 2-сыныпта оқитын Әрсен Тәпенов тіпті кейбір елдің тарихына қатысты тың деректерді де жадына сақтап алған.
Әрсен Тәпенов жасына қарамастан, күрделі сұрақтарға оп-оңай жауап береді. Төрткүл дүниенің төрт бұрышындағы барлық мемлекеттің астанасын, президенттерін жатқа біледі. Оның географиялық орналасуын да әлем картасынан көрсету ол үшін еш қиындық тудырмайды. Зерек баланың мұндай ерекше қабілетін ең алдымен ата-анасы байқапты.
Аян Тельманқызы, Әрсеннің анасы:
- Бірінші әлем картасын үйге әкеліп, жабыстырып қойып едік. Баламыз қарап жүріп кейін: «Бұл карталарыңыз ескі», – деді. «Неге?», –десек, «Бұл жерде Африкада Судан деген мемлекет бар, ал ол сіздерде бір-ақ мемлекет болып тұр. Ал қазір ол ел Судан және Оңтүстік Судан мемлекеті болып екіге бөлініп кеткен», – дейді. Ал одан соң Грузия мемлекетінің туының ескі екендігін айтты.
Әрсен сыныптың ең кенжесі болғанымен, оқуда озат, білімі жағынан қатарластарынан оқ бойы озық тұр. Мектеп табалдырығын енді аттаған кезде мекенжайын, ата-анасы мен туған-туыстарының туған күндерін, телефон нөмірлерін жатқа айтып, ұстаздарын таңғалдырған. Ол оқитын №102 мектептің мұғалімдері: «Баланың есте сақтау қабілеті ерекше», – дейді.
Күлзира Ыбыраева, сынып жетекшісі:
- Сабақ өте бастаған кезде дауысты, дауыссыз дыбыстардың түрлерін ажыратып, дауыссыз дыбыстардың үш топқа бөлінетінін, оның қатаң, ұяң, үнді екенін және қайсына қанша әріп жататынын менің бір сабақта айтқанымнан ұғып алып, одан кейінгі талдау жұмыстарын жасаған кезде бұл бала еш мүдірмей, тапсырмаларды мүлтіксіз орындап отырды. Бұл бірінші сыныпты қабылдап отырған мұғалім үшін ерекше жағдай деп ойлаймын.
Ойы ұшқыр оқушының білімге деген ынтасы зор. «Өзге балалар секілді ойынға құмар емес, ал гаджетке тіпті әуестігі жоқ», – дейді ата-анасы. Көбіне кітап оқығанды ұнатады. Ал сыйлыққа әлем картасы мен глобус алғанды жақсы көреді екен.
Әрсен Тәпенов, №102 мектептің 2-сынып оқушысы:
- Мен өскенде шетелде жүргім келеді. Астаналарына барып, тілдерін үйренгім келеді.
Әрсеннің басты арманы – әлемді аралап шығу. Тіпті қай жылы қай мемлекетке бару қажеттігін қағаз бетіне түсіріп те қойыпты. Биылғы жоспары – Корея. Ата-анасы: «Оның арман-мақсатын жүзеге асыруға барымызды саламыз», – дейді. Әрсен ол үшін ең әуелі тілді жетік білу керектігін жақсы түсінеді. Қазір ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын арнайы курсқа барып жүр. Алғашқы нәтижесі жаман емес. Қазірдің өзінде 5 елдің әнұранын жатқа айтады.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Аслан Демесбаев